Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облысқа республикалық ақпараттық-насихат тобы келді

 

 

 

 
Республика Президентінің Қазақстан халқына арналған “Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу, Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын түсіндіріп, насихаттаушы топ өкілдері облысқа көктемде келіп-кеткен болатын. Енді  маңызды жұмыстардың екінші кезеңі басталып отыр. Бұл жолы  ақпараттық-насихат тобының өкілдері маңызды құжатты түсіндіруге емес, жолдаудың жүзеге асу барысына баса назар аудармақ. Үлкен делегацияны бастап келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев алдымен  солтүстікқазақстандықтарды орақтың аяқталуымен құттықтады.

 
Ақылбек Күрішбаев,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Егін орағы аяқталып, облыстарыңыз республика бойынша алғашқы орынға шығып, 4,100 млн тонна астық жинады. Сонымен құттықтаймын!
 

Жалпы биыл  республика бойынша 13,5 млн тонна астық жиып алу жоспарланып отыр. Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары. Сондықтан биыл да жергілікті астық шетелге шығарылатын болады.

 Ақылбек Күрішбаев,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-Елбасы алдымызға үлкен мақсат қойып отыр. Дәстүрлі нарықты сақтау керек. Астық географиясын азайтпау керек. Орта Азия, Араб мемлекеттері, ТМД мемлекеттеріне жібереміз. Бұйырса экспорт та жаман болмауы тиіс.
 

Бұл уақытта елімізде майлы дақылдар да жиналып жатыр. Дәнді дақылдарға қарағанда майлы тұқымдастарға бөлінетін субсидия 10 есе артқан. Нәтижесінде биыл бұл дақылдарға бөлінген аумақ 1 млн 700 мың га жетті.

Ақылбек Күрішбаев,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Биыл біз 780 мың тонна майлы дақылдар жинауымыз керек. Басқа сөзбен айтқанда, біз өзімізді биыл бірінші рет өсімдік майымен қамтамасыз етеміз. Қарақұмыққа келетін болсақ, 34 мың тонна қарақұмық жинауымыз керек. Сөйтіп  егер оны ешқайда шығармайтын болсақ, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері мемлекет басшысының биылғы жолдауында баса мән берілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына да өз үлестерін қосып келеді. Мәселен,  237 ірі инновациялық жобаның 56-сы  ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындарға тиесілі. Сондай-ақ  “Бизнестің жол картасы- 2020” бағдарламасы аясында экспортқа бағытталған өнім шығаратын кәсіпкерлерге арзан несие беру, яғни банктік проценттік ставканы субсидиялау жүргізілуде. АӨК-де инновациялық технологияларға басымдық берілуде. Осы орайда республикалық бюджеттен 223 млрд теңге бөлініп, 48 млрд теңгесі субсидия түрінде берілді. Елбасы жолдауының түпкі мақсаты – еңбек өнімділігін екі есе арттырып, заманауи инновациялық технолгияларды қолдану. Сондай-ақ, малазықтық өнімдер  дайындау да басым бағыттардың бірі. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің үдемелі дамуына жол ашпақ.
 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан өзге де жобалар туралы индустрия және жаңа технологиялар министрлігі департаментінің директоры Ғалым Әмреев хабардар етті.

Ғалым Әмреев ,  ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі департаментінің директоры:
-Үстіміздегі жылы инновациялық жобалардың техника-экономикалық негіздемесін жасауға 1,5  млн теңге мемлекеттік гранттар бөлініп отыр. Келесі жылы бөлінетін қаражаттың көлемін 5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз. Және бір ерекшілігі бұл қаржы бұрынғыдай ғалымдарға ғана емес, тікелей осы іспен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін болады.

 Сондай-ақ, елімізде конструкторлық бюролардың желісі жасақталуда. Олардың бірі біздің облыс орталығында да құрылатын болады.

Гүлмира Шоқтыбаева