Ауыл шаруашылығы

«Қызылжар -2010» жәрмеңкесі

 

 

 

 

 Алдағы сенбіде өтетін жәрмеңкеге солтүстікқазақстандық омарташылардан өзге көрші Ресейдің Омбы, Қорған және Түмен облыстары,  Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр. Ара шаруашылығымен айналысатын жерлестерімізді біріктірген ассоциацияның төрағасы Олег Гаврилов алғаш рет өткізілетін жәрмеңкеде 1 мың тонна бал өнімдері саудаға шығарылатынын айтады.
 
Олег Гаврилов,  «Солтүстік Қазақстан омарташылары ассоциациясы»  ҚБ төрағасы:
-Түйебұршақ, рапс, қарақұмық пен күнбағыстың шірнесінен дайындалған балды ұсынбақшымыз. Бұлардың барлығы дәмі жақсы, шипалы келеді. Сондай-ақ, жақын шетелден келетін қонақтарымыз да өз өнімдерімен таныстырады. Олармен ара шаруашылығына байланысты тәжірибе бөлісуді жоспарлап отырмыз.
 

Жаз бойғы қуаңшылық омарташылардың ісіне де көп зиян келтірді. Биыл күзде омарта басынан не бары 30 келі бал    жинап алу мүмкін болған. Бұл өте төмен көрсеткіш дейді шаруалар. Мәселен, былтыр бір омартаның аралары 100 келіге дейін бал берген.

Олег Гаврилов,  «Солтүстік Қазақстан омарташылары ассоциациясы»  ҚБ төрағасы:
 -Биылғы жыл бізге ауыр тиді. Қуаңшылық аралардың белсенділігіне де әсер етті. Оның үстіне  бал беретін түйебұршақ шөбі түгелімен мал азығына жинап алынды. Сондықтан  біздің омарталардан не бары 7 тонна бал жинап алдық.
 

Алайда  солтүстікқазақстандық омарташылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Тайынша ауданында арнайы себілген көпжылдық түйежапырақ, қарақұмық алдағы жылы көптеп шірне шығаруы тиіс. Сонымен қатар тәтті әрі шипалы өнімді өткізу мәселелері де шешіліп жатыр. Сенбілік жәрмеңкенің өзінде ғана  балдың ірі партиясын көрші елге жіберу үшін меморандум жасасу көзделіп отыр.

 Гүлмира Шоқтыбаева