Ауыл шаруашылығы

Көкөніс туралы меморандум

 
 

 

 

 Күз келіп, жеміс- жидек пен көкөніс пісіп, қоймаларға  жеткізілуде. Өнім көбейгенімен, баға жағында тұрақсыздық қатты байқалады. Облыс әкімі өткізген кездесу  баға саясатын реттеуге арналды.   Серік Біләлов ағымдағы жылы облыста 250 мың тонна картоптың жиналғанын айтты. Бұл аймақ тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазір баға көтеріледі деген сыбысқа сенген халық  дүрлігіп жатыр. Бұл сәтті алыпсатарлар жақсы пайдаланып, көкөністің бағасын шарықтатып жіберді. Картоптың келісі 70-80 теңге. Болашақта 100-120 теңге болуы мүмкін. Бірақ оған жол беруге болмайды. Біз жыл сайын картоп өсіретін шаруашылықтармен меморандумға отырамыз. Биыл бұл жұмысты “Қызылжар” базары арқылы жүзеге асырмақ ойымыз бар.

Жергілікті картоп өсіретін шаруашылықтарға “Қызылжар-Ақбастау” базарынан жеңілдікпен орындар бөлінеді, есесіне картоп базар бағасынан әлдеқайда арзанға сатылмақ.

  Нұржан Әшімбетов,  Петропавл қаласының әкімі:
– Делдалдар бағаның өсуіне қатты әсер етеді. Осыны болдырмау үшін “Қызылжар- Ақбастау” базарының жанынан  көтерме сауда орталығын  ашпақпыз. Апта сайын жәрмеңкелер өткіземіз.

“Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарын картоппен қамтамасыз етуге 23 ауылшаруашылығы өнімін өндіруші меморандумға қол қойды. Сөйтіп, сәбіз бен сарымсақты қоса есептегенде,  аталған базарға шаруашылықтар 1 мың тонна өнім әкелуге келісім берді.

Белгібай Қанафин,  Солтүстік Қазақстан облыстық “Тәжірибе станциясы” директоры:
-Коммуналдық базарға 100 тонна картоп әкелеміз деп меморандумға қол қойдым.

“Зенченок и К” коммандиттік серіктестігі базарға 400 тоннадан артық картоп жеткізсе және төрт жүзін меморандумға қол қойған серіктестіктер қамтамасыз етпек. Жиын соңында өңір басшысы баға саясатын реттеуде шаруашылықтардың сырт қалмайтынына сенім білдірді.

 Дана Ғизатова