Құқық қорғау органдары

Күйеуін өлтірген әйел 6 жылға бас бостандығынан айырылды

 

 

 

Бұл жолы айыпталушы орындығында әйел адам –  Оксана Шубина отыр. Биылғы жылғы ақпанның 28-де ол үйге мас болып  келген  азаматтық некедегі күйеуін алдымен соққыға жығып, кейін көзі ұйқыға кеткенде, пышақ салып өлтірген. Мұның бәрі ұзақ жылдар бойы сақталған ашу-ызаның салдарынан болды деп түсіндірген айыпты.

Гүлнар Бекенова,  СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
 -Шубинаға өз әрекетін бақылай отыра қасақана кісі өлтірді деген айып тағылды. Ол ер адамның өмірлік маңызды мүшелерін зақымдай отыра қатты жаралаған. Айыпталушы өз кінасын толық мойындады.

Қылмыскердің тағдырын шешуге алқа билер де араласты. Айта кету керек, бұл 2007 жылдан  бастап алқа билер сотының қарауына берілген не бары төртінші іс. Олар 4 күн бойы осы қылмысты мұқият зерттеп, әділ шешім шығарды.

  Гүлнар  Бекенова, – СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
– ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабы бойынша  айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылып,  жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтесін.

Бұл шешімге келмес бұрын алқа билер көп толғанды. Бірі жолдасынан жәбір көріп, жүйкесі жұқарған бейбақты жауапкершіліктен босату керек десе, кейбіреуі жазасын қатайту керек деген ұсыныс жасады.  

  Владимир Понтелеев, алқа билер мүшесі:
 – Біз бұл істі көп талқыладық. Ортақ шешімге келу оңай болмады. Бірақ   әйелдің отбасылық жағдайын ескере отырып,  оның жазасын жеңілдеттік.

Бұл қылмысқа қатысты ең ауыр жаза 15 жыл, ал кемі 6 жыл. Сондықтан қорғаушы жақ сот шешімімен толық келіседі.

  Анастасия Бурасова,  қорғаушы:
-Біз соттың осындай үкімге келгеніне өте ризамыз. Өйткені айыптаушылар 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды ұсынған болатын.  

Ал айыптаушы тараптың ұсынысы қабылданбағанмен, олар алқа билер сотының  шешімімен келісіп отыр.

 

Динара Найманова,  мемлекеттік айыптаушы:
-Мұндай соттар тәжірибе үшін өте пайдалы. Ол алда қаралатын істерге де оң әсерін тигізбек.

Қылмыскер Оксана Шубинаның артында кәмелеттік жасқа толмаған ұлы қалды.
 

 

Кәусар Аяпбергенқызы