Билік

Облыс әкімінің Петропавл бойынша жұмыс сапары

 

 

 

Петропавл балалар психоневрологиялық интернатында облыс әкімі мекеменің жабдықталуымен танысты. Мекеме басшысы Сәуле Карабаева нысанға жылу беріле бастағанын жеткізді. Серік Біләлов тәрбиеленушілердің жатын бөлмелерін аралады. Қазіргі таңда интернатта 104 бала тұрып жатыр. Олардың сапалы ем алуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Арнайы медициналық кабинет жұмыс істейді. Облыс әкімі азық-түлікпен қамтамасыз ету жайын да сұрады. Интернаттың жеке көкөніс сақтауға арналған қоймасы бар. Сондықтан мекеме басшылығы жеміс пен көкөніс жеткізуге келісім-шарттар жасасуда. Азық-түлікті жергілікті тауар өндірушілер жеткізеді. Қазанның біріне дейін ғимараттың маңайын қоршау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Серік Біләлов Петропавлдағы психоневрологиялық ауруларға арналған  интернат- үйінің тыныс-тіршілігімен де танысты. Биыл нысанда «Жол картасы» аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген. 25 млн теңгеге 5-ші және 6-шы бөлімшелер қалпына келтіріліп, жаңа терезелер орнатылды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында спортзал мен гараждың шатыры жөнделіп қалды. Сондықтан мекеме ұжымы қысты қарсы алуға сақадай сай. Жылыту жүйесіне қосылуда проблема жоқ деп атап өтті интернат директоры Руслан Қамалиев. Облыс әкімі медициналық блокты аралап, дәрігерлермен сөйлесті. Мекемеде құрылғы, жиһаз жаңартуға баса назар аударылады. Өткен жылы интернатқа 97 бейнебақылау камерасы алынған. Облыс әкімі сәбіз, қырыққабат, пияз отырғызылған бау-бақшаны да аралады. Дәруменді өнімнің барлығы осы жергілікті жүйектерден алынады. Сондай-ақ, интернаттың жеке стадионы да бар.
Қысқа дайындық жөнінде Шәміл Шақшақбаев атындағы тірек-қимыл жүйесі зақымдалған балаларды сауықтыру мен бейімдеу орталығының басшылығы да есеп берді. Биыл бұл нысанда да жөндеу жұмыстары өтті. Әр бөлмеге жаңа жиһаз бен тұрмыстық техника алыныпты. Облыстық бюджеттен  бөлінген 525 мың теңгеге құрылыс материалдары сатып алынған. Өзге жұмыстарға демеушілер көмек көрсеткен. «Жол картасы» бойынша интернаттың кәріздік құбырлары жаңартылды. Жалпы  нысан алдағы қысқа дайын. Жалғыз мәселе – сауықтыру орталығының жеке көкөніс қоймасы мен гараждары жоқ. Облыс әкімі бұл мәселені шешуге септесетінін айтты. Алдағы маңызды науқанға облыс орталығындағы Петропавл құрылыс-экономика колледжі мен № 1 кәсіптік лицей  де қамданып қойған.

 

Гүлмира Шоқтыбаева