Мәдениет

Мәскеулік театр гастролі

 

 

 

Өзге ел театрларының қаламызға ат басын бұрмағанына бірнеше ай болып қалды. Сондықтан болар  қала тұрғындары билеттерді алдын ала сатып алған. Лирикалық комедияның мазмұны екі кейіпкерге құрылған. Олар бір пәтерде оянып, сонда танысады. Бірінші бөлімде екі ұры  – Марина мен Саша өздерінің кім екендерін жасырады.  Күнкөрістің қамымен кетіп, өмірлік серігін таба алмай жүрген екі адам  осылайша кездейсоқ кездесіп, бірін-бірі тапқандай болады.  Бірақ оқиға өрби келе оның желісі  басқа арнаға бұрылады. Саша өзге әйелмен сөз байласқандықтан, Маринадан  құтылмақшы болады.  Жігіттің    полицияға ұстап беру туралы ойын сезген қалыңдық оның алдын алады. Оқиға дәл осы жерде аяқталады. Пьеса соңында оқтан қансыраған жігіт Маринаның алдында жатады. Полиция қызметкерлері қылмыс үстінен түседі. Әртістердің үздік өнеріне аямай қол соққан көрермендер орындарынан тұрып қошемет көрсетті.

 Марина Могилевская:
 – Маған біздің бүгінгі көрермендеріміз өте ұнады. Өз туған жеріміздің өнер сүйер қауымы бізді білгендіктен болар, кей кездерде қойылымнан гөрі бізді көруге келгендей болады. Ал бұл қаланың адамдары спектакль барысын тапжылмай бақылап отырды.

 Владимир Стеклов:
 – Ер мен әйел адам мәселесі ежелден келе жатқан тақырып. Бүгінгі қойылымда махаббат, өкініш, реніш сезімдерінің барлығы болды. Марина Могилевская екеуміз 3 жоба бойынша бірге жұмыс істеген болатынбыз. Осы жолғы спектакльде біз бір-бірімен жай уақыт өткізген адамдардың рөлін сомдадық. Олар үшін махаббат бірінші орында емес еді.

Петропавлдықтар спектакльден ерекше әсер алды.

 Көрермендер:

-Спектакль өте ұнады. Өзім театрға келе бермеуші едім, енді жиірек баратын болдым.
-Қойылым эмоциямызға аса әсер етті. Владимир Стекловтың рөлді сомдай білу қабілеті керемет.

Қойылымнан кейін әртістер өнерлеріне табынушыларға қолтаңбаларын таратты.

Гүлден Сәрсенбаева