Бизнес және экономика

Бағаны тұрақты ұстауға бағытталған шаралар қолданылып жатыр

 

 

 

 

 

Биылғы күзді берекелі болды деп айтудың еш қисыны келмейді. Көкөністер аз, әрі сапасы да көңіл көншітпейді. Осының бәрі қала базарларындағы көкөніс сөрелерінен көрініс тапты. Картоп бағасы былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскен. Келісі 65-70 теңге шамасында. Ал  «Дария» базарында   80 теңгеден саудалап жатыр.

  Галина Самойленко, жеке кәсіпкер:
-Біз картопты сапасына қарай іріктеп, бағасын қоямыз. Ең ірілерін 80 теңгеден, орташасын 70 теңгеден сатып жатырмыз. Ал тым ұсақтарын 50 теңгеден қойдық. Мұндайды көбіне зейнеткерлер алады.

Ал сұйық майдың құны өндіруші фирмаға байланысты. Оның бағасы орташа есеппен 230 – 280 теңгені құрайды. Май бағасының өсуіне де сол өндірушілер мен бөлшек сауда жасаушылар кінәлі дейді сатушылар. Ал бір апта бұрын шулы мәселеге айналған қарақұмыққа қазір сұраныс аз. Сөрелерде ресейлік жарма толып тұр. Ал қазақстандық жоқ.

  Лариса Суровцева, жеке кәсіпкер:
-Қарақұмық төңірегінде айқай басталған кезде халық оны бірден талап алды.Қазір ол әр үйде бар. Енді бұрын бір күнде сатқан жарманы қазір бір аптада  ғана сатып бітіреміз.

Тұрғындар  базардағы өнімдердің құнымен келіспейді. Бағаның шарықтауы тоқтамаса, қалта көтеруден қалады дейді олар.

Тұрғындар:

– Бәрі қымбат, бірақ аламыз. Енді не істейміз, тамақ керек.
– Пенсиямыз аз, ал бәрі қымбат.

Бүгін қала базарларына рейдке шыққан мамандар  бағаның көтерілуіне жол бермеу үшін шаралар қолданамыз дегенді айтуда.

  Зәуре Нұрмұқанова, ҚР бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі Қостанай және СҚО бойынша  өңіраралық инспекциясы аумақтық бөлімінің  бастығы:
 – Біз бағаның заңсыз көтерілу себебін және оған кінәлі тараптарды анықтауға кірістік. Осы рейдтен кейін ереженің бұзылуы расталса, қажетті жазалау шараларын қолданамыз.

Қалай болғанда да азық-түліктің жыл өткен сайын қымбаттап жатқандығы ақиқат және бұл жедел қолға алуды қажет ететін іс.
 

 

Кәусар Аяпбергенқызы