ТКШ

Қалалықтар аулаларын тазартуға асығар емес

 

 

 

 

Кошуков көшесіндегі 20-шы үйдің ауласында жұмыстың қызған шағы. Осы аумаққа бекітілген жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері ауланы абаттандыруды мықтап қолға алыпты. Бұл жерде балалар алаңқайы жөнге келтіріліп, әткеншектер орнатылмақ. Волейбол және баскетбол алаңдарын жасау жоспарланған.Тұрғындар да жай қарап тұрмай, өз аулаларын көркейтуге үлестерін қосып жатыр. Осылайша олар қала мен ауылды көріктендіруге бағытталған акцияға барынша атсалысуда.

  Владимир Мурзаков, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
-Бұл акцияны біз қолдаймыз. Қаланы абаттандыру керек. Бізге билік тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Өзіміз де сырт қалып жатқан жоқпыз. Сөйтіп, бірлесе ауланы көркейтіп жатырмыз.

Бұл жерде басқарма қызметкерлері мен тұрғындар бірлесе еңбектеніп жатқан кезде, Сәтпаев көшесіндегі 34-ші үйдің халқы көмекті сырттан күтіп отыр. Бұл аулаға агроөнеркәсіп кешеніндегі облыстық аумақтық инспекция бекітіліпті. Тұрғындар өздеріне қарасты аумақты осы мекеменің қызметкерлері келіп абаттандырады деп сенім артуда. Чайковский көшесіндегі үшінші үйде тұратын Валентина Иванова ауланы тұрғындар өздері тәртіпке келтіруі тиіс дейді. Біреу келіп істеп береді деп қол қусырып отыра беруге болмайды. Мұны Анатолий Аниховский де жақсы түсінеді. Сексен төртке келген қария үйдің маңына әр алуан гүлдер мен ағаштар отырғызып, маңайды күтіп-баптайды. Алайда бір өкініштісі, қарияға көмекшілер табылмай отыр.

  Анатолий Аниховский, зейнеткер :
Мен жалғыз өзім үйдің маңына гүлдер егемін. Ешкім көмекке келмейді, тұрғындар ынта танытпайды. Әр ауланың тазалығы мен әсемдігі тұрғындардың өздеріне байланысты екені белгілі ғой.

Бензострой кентіндегі Ухабов және Гагарин көшелеріндегі үйлердің ауласын абаттандыруға тұрғындар асығар емес. Маңайда қоқыс шашылып жатыр. Осы аумаққа бекітілген басқарма қызметкерлері де көрінбейді. Ал көрші бесінші үйдің ауласындағы көрініс мүлдем өзгеше. Тұрғындарға аумақты тәртіпке келтіруге спорт және туризм басқармасының қызметкерлері жәрдемдескен. “Менің сүйікті қалам, менің сүйікті ауылым” акциясы қазанның 18-не дейін жалғасады. Қала мен ауылды көркейтуге тұрғындардың белсенді түрде атсалысқандары абзал.

Айымгүл Әбілева