Қоғам

Тәуелсіздік мерейтойына әзірлік басталды

 

 

 

 

 Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы – ел өміріндегі аса елеулі оқиға. Тарихи және саяси маңызы айырықша мерекені жоғары деңгейде атап өтудің мемлекеттік мәні зор. Бұл ретте Мәдениет министрлігі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтудің арнайы тұжырымдамасын әзірледі. Селекторлық кеңесте оның жобасы ұсынылды.
Құжаттың төрт қайнар негізі бар – философиялық, тарихи, идеологиялық және халықаралық. Барлық жұмыстарды осы төрт негізге сүйеніп жасаймыз деді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болған тәуелсіздік мерекесі ел тарихында тұңғыш рет бір жыл бойы атап өтілмек. Әрбір айға ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Олардың барлығы еліміздің 20 жылда бағындырған биік асуларын, қол жеткізген зор жетістіктерін қоғамға жеткізуге, насихаттауға бағытталмақ. Әлемдегі өркениет жолымен серпінді дамып келе жатқан мемлекеттің бағыт-бағдарын, алдында тұрған міндеттерін өскелең ұрпақ білуі тиіс. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, құрметтегені абзал. Тұжырымдама негізінде жалпыұлттық іс-қимыл жоспары жасалады. Сөйтіп, жыл аяғына дейін дайындық жұмыстары қолға алынса, 2011 жылдың қаңтарынан негізгі мерекелік шаралар басталмақ. Ал 2012 жылы барлығы қорытындыланып, кітаптарда, көркем фильмдер мен драмалық-музыкалық туындыларда көрініс табады. Мерекенің логотипі де әзірленіпті. Авторы алматылық суретші  Досбол Қасымов. Үкімет басшысы тұжырымдамаға барлық ұсыныстар апта аяғына дейін енгізілуі керек деді. Бұдан кейін құжат Президент әкімшілігіне жіберіледі.
 

 

Айымгүл Әбілева