Мәдениет

“Ана тілі – ата-баба мұрасы” сайысы

 

Біздің елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Ал Ата Заңымыз бойынша әр халықтың өз тілінде сөйлеуге құқығы бар. Осындай теңдікті насихаттау үшін Петропавл қалалық ІІБ қызметкерлері Қазақстан халықтары тілдері күнін жыл сайын атап өтеді.

  Мақпал Алпысова, Петропавл қалалық ІІБ мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы:
 – Мақсатымыз Қазақстанда тұратын халықтың тілдерін, салт-дәстүрін насихаттау. Ынтымақтастық пен бірлікті үгіттеу. Біздің жеке құрам жылда атсалысады. Бүгін қазақ, орыс, украин, татар, өзбек халықтарының салт-дәстүрлерін көрсетеміз. Жыл сайын ұлттар құрамын өзгертіп отырамыз.

Сайыс бес балдық жүйе бойынша бағаланды.  Әр бөлімнің “Халықтар достығы” тақырыбына шығарған қабырға газеттері, ұлттық тағамдары, костюмдері мен салт-дәстүрді дұрыс көрсете білуі қатаң сыналды. Бірінші болып ортаға қазақ тобы шықты. Медициналық айықтырғыш пен қабылдап-бөлу мекемесінің қызметкерлері ықылым заманнан келе жатқан тұсау кесер рәсімін жасады.

  Бекзат Рақышева, Петропавл қалалық ІІБ жанындағы медициналық айықтырғыш қызметкері:
 – Қазақтың әдет-ғұрып, ырымдарының бірі –  тұсау кесу. Ол сәбидің тез жүріп кетуі үшін жасалады. Меніңше бұл өте пайдалы шара.

Одан кейін сайысты тамашалауға келген қонақтар орыс халқының моншаға түсу дәстүрімен танысты. Татарлар  Сабантойда ойналатын ұлттық ойындарды көрсетті. Украиндықтар би билеп, ән салды. Жеңімпазды анықтау қиын болса да, қазылар алқасы бірінші орынға жол полициясы бөлімі мен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі бөлімшені ылайық деп тапты.

Гүлден Сәрсенбаева