Спорт

Жас спортшылар мектеп-интернатының жартығасырлық мерейтойы

 

 

 

 «50 жылда- ел жаңа» демекші, жарты ғасыр ішінде бұл білім ошағы талай белесті артқа тастады. 1960 жылы бүлдіршіндерге алғаш есігін ашқан алтын ұя бүгін танымастай өзгерген. Жаңарған ғимарат, жаңа ұжым. Ал мектептің кешегі шәкірттері бүгінде ел мақтанышына айналған айтулы азаматтар. Осы күні ұшқан ұяларын құттықтауға келген түлектердің бірі  – Бақытжамал Отыншиева.

Бақытжамал Отыншиева, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат  түлегі:
 – Осы мектепті бітіргеніме 29 жыл болды. Мұғалімдер өте ұйымшыл, мұғалімдерге өте ризамыз. Тілейтініміз оқушылар мол табыстарға жетсін, бәріне денсаулық тілеймін.

1987 жылдан бастап облыстық мектеп-интернат мәртебесін алған бұл мекемеде  қазір 250-ге жуық бала спорттың 9 түрі бойынша тәлім алуда.  Оларға 17  жоғары санатты жаттықтырушы сабақ береді. Мектептің биылғы жылғы түлегі Ақан Баймағамбетов грек-рим күресі бойынша Сингапурде өткен олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанса, велоспорттан Алексей Луценко 4-ші орынмен оралыпты. Жыл сайын мектепте спорттың әр түрінен шамамен 5 спорт шебері даярланады. Кикбокс, грек-рим күресі, коньки тебу бойынша талай халықаралық турнирлердің жүлдегерлері осы білім ордасында алғаш рет сайыс алаңына шыққан болатын. Ал 11сынып оқушысы Олжас Мұратбеков   дзю-додан ел чемпионы атағына қол жеткізіпті.

 Олжас Мұратбеков, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушысы:
-Интернатқа келгенде басқа жақта білмеген неше түрлі әдістерді үйрендік. Жаттықтырушылар жақсы. Бәрі үлкен дәрежелі жаттықтырушылар.

Жақында ғана пайдалануға берілген жаңа спорт залда  бұл күні тәрбиеленушілер қонақтарға өз өнерлерін көрсетті. Ұзақ жылдар бойы осы мектептің ілгері басуына  айтарлықтай үлес қосқан ұжым қызметкерлері еңбегіне сай мақтау мен марапатқа ие болды.

Амангелді Дайыров, облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директоры:
-Мектебіміз жыл сайын жасарып келеді. «Жол картасынан» 10 млн теңге бөлініп,  интернатта үлкен жөндеу жасадық. Көп нәтижеге жеттік. Балаларымыздың ішінде әлем, Азия чемпиондары бар.

Жартығасырлық тарихы бар мектеп-интернат түлектерінің жеңісті күндері әлі алда екендігіне сенім мол.
 

 

Кәусар Аяпбергенқызы