Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғын үйлер құрылысы жоспарға сай жыл соңына дейін аяқталады

 

 

 

 Жамбыл көшесінде бой көтеріп жатқан тұрғын үйдің құрылысы  тамыз айында басталған. 200 пәтерлі баспананың құрылысын “Тобыл” ӘКК қаржыландыруда. Бұл мақсатқа бағытталған қаржы 1 млрд. теңге. Нысан басына келген облыс әкімі Серік Біләлов жұмыс қарқынымен танысты. Бас мердігер “Қазградстрой – НС” серіктестігінің директоры Александр Авдеев шаруаның кестеге сай жүріп жатқанын айтты.

  Александр Авдеев, “Қазградстрой – НС” серіктестігінің директоры:

-Кірпіш толық сатып алынды, темір-бетон біршама бар,  қазір астыққа, көмірге  байланысты вагондар аздап кешеуілдеп жатыр, алайда қазан айынан бастап бәрі дұрысталады.

Қазір тұрғын үйдің іргетасы қаланып жатыр. Алайда Александр Авдеев жаңа жылға дейін үйдің тоғыз қабатының қабырғасын тұрғызамыз деп сендірді. Қазір мұнда 3 бригада жұмыс істеп жатыр,  оларға тағы 4 қосылмақшы.  Бұл күні өңір басшысы Юбилейный көшесіндегі нысандарға да соқты. Бұл жерде де  үйлердің біреуін  “Қазградстрой” серіктестігі тұрғызып жатыр. 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір  ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бес қабатты тұрғын үй қазанның он бесінде пайдалануға берілмек.
Ал осы жердегі   80 пәтерлі үй қараша айында   тапсырылады. Барлық жұмыстар тәмамдалуға жақын. Қазір баспананы жылыту жүйесіне қосу мәселесі шешіліп жатыр.
Юбилейный көшесіндегі өзге көпқабатты тұрғын үйлер  де үстіміздегі жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Тек 126 пәтерлі   үйдің ғана құрылысы биыл аяқталмайын деп тұр. Мердігерлер бұл нысанды келесі жылы тапсырмақ.
 

 

Айымгүл Әбілева