Қылмыс

Облыстық деңгейдегі шенеунік қамауға алынды

   

 

 

 

 

 

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығына пара беруге азғырды деген айып тағылып отыр. Оқиға 2008 жылы сезікті қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі қызметін атқарып жүрген кезде басталған. Ол «Каскад» ЖШС директорын Брусиловский және Гоголь көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйді салуға үлескер ретінде қатысуға шақырады. Нысанның жоба-сметалық құжатын жасап бермек болған. Шенеунік қызметін 8 млн теңгеге бағалайды. Құрылыс компаниясының өкілі сезіктіге бастапқы жарна ретінде 4 млн теңгені әкеліп тастайды.  Арада екі жыл өткенде сезікті параның  қалған бөлігін алмақшы болады. Бұл кезде ол облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарып жүрген болатын.  58 жасар шенеунік серіктестік директорына 4 млн теңгені қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығына жоба-сметалық құжатты аяқтауға беремін деп түсіндірген. Құрылыс компаниясының басшысы көп ойланбастан, қаржы полициясына хабарласқан. Сезікті қылмыс үстінде қолға түсті.

 Нұрлан Жахин,  СҚО бойынша экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:

-Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Бірі алаяқтық, екіншісі пара алу.

Енді ойнақтап жүріп от басқан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының тағдырын сот шешеді.

Дана Ғизатова