ТКШ

Демалыс күндері қалалық су жүйесі қысқа дайындалды

 

 

 

 

 

 Облыс орталығында жыл сайын күзде 2 күн бойы жоспарлы түрде су беру тоқтатылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ бұл жолы құбырларды дәрілеудің қай күнге белгіленгенін кейбір петропавлдықтар білмей қалған.

Тұрғындар:
– Біз су тоқтатылатынын білмей қалдық.

Кішкентай балалар бар, не жуындыра алмаймыз, жаялықтары бар. Егер бұдан су сапасы жақсарса сөндірген де дұрыс.

Дегенмен тұрғындардың көпшілігі БАҚ арқылы құлақтанып, екі күндік су қорын жасап алған. Сондықтан демалыс күндері су тапшылығы аса байқала қойған жоқ дейді.

Тұрғындар:
-Біз алдын-ала даярланғанбыз. Жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан мамандармен келісеміз .
Тазалау жұмыстарын жүргізу керек қой. Су жүйесі таза болуы керек. Су қорын жасап алғанбыз. Екі тәулікке шыдай аламыз.

Жұмадан сенбіге қараған түні “Петропавл су” АҚ жұмыс қызды. Тәулік бойы кәсіпорынның 320 жұмысшысы 12 айда бір рет өткізілетін науқандағы жаппай жөндеу жұмыстарын жүргізді.

 Сергей Визеров, “Петропавл су” АҚ бас инженері:
-Диаметрі 100 мм- ден 1000 мм  дейінгі ысырмалар аршылып, жөнделеді. Яғни келесі жылға дейін апаттық жағдайлар орын алып, қолайсыздықтар туындамау үшін осындай шараларды атқарып тұру керек.

Ысырмалар цехқа жеткізіледі, жөндеу осы жерде жүргізілді. Биыл 22 ысырманы ауыстыру жоспарланған. Ал 12-сі жөнделеді. Бұл мақсатқа 22 миллион теңге бөлінген. Алдымен детальдар ұзақ жылдар бойы жиналған тат пен әк тұнбасынан тазартылады. Бұдан кейін мамандар жөндеуге кіріседі. Бригада бір ысырманы жөндеп, іске қосу үшін бір-бір жарым сағат уақыт жұмсайды.  Ысырмалардың біреуі Алматы- Тоқсан би көшелерінің қиылысындағы су жүйесінен алынды. Диаметрі 500 миллиметр, салмағы бір тонна шамасында. Қаланың бұл ауданындағы су құбырларының төселгеніне 30 жылдан асып кеткен. Сондықтан жүргізілетін жөндеу көлемі де өзге аумақтарға қарағанда көбірек. Ысырмадағы ақауға байланысты апаттық жағдайлар туындай қалса, аудан толық сусыз қалатын. Енді жөндеу кезінде бірнеше үйді ғана  судан айырумен шектелуге болады. Мұндай жұмыстар Петропавлдың бірнеше ауданында жүргізілді. Сондықтан су толық қала бойынша тоқтатылды.

 Сергей Визеров, “Петропавл су” АҚ бас инженері:
 -Толық шаю кезінде ыңғайсыздықтар азырақ. Егер жеке су жүйесі бойынша шаятын болсақ, әр ауданды бөлек -бөлек судан айыру керек. Яғни  біреу біледі, біреу білмейді. Өзге қалалардың да тәжірибесін көрдік. Сондықтан қаланы толық сөндірген дұрыс екенін көрдік. Осы әдісті соңғы 30 жылдан бері қолданып келеміз.

Ысырмаларды жөндеуден кейін кәсіпорын жұмысшылары су тазалайтын  құрылымға баратын жаңа су таратқышты қосты. Ұзындығы 400 метрлік су таратқыштың әбден тозығы жеткен еді. Ал су жүйесін шаю мен дәрілеу қыркүйектің 19-ы жүргізілді.  96 мың теңгеге 800 келі химиялық реагенттер сатып алынды. Өзге шығындарға бір миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

 

Әсем Сембина