Бизнес және экономика

“ҚазМұнайГаз” жергілікті кәсіпорындармен келісім жасамақшы



 

 

 “ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының” еншілес кәсіпорны. Бұл компания Қазақстанда мұнай өндіруден көшбасшылардың бірі болып саналады. Акционерлік қоғамның солтүстікқазақстандық кәсіпорындармен әріптестік орнатқанына 10 жылдан асады. Жергілікті зауыттар бұл компанияға мұнай өндіруге қажетті қондырғыларды жеткізеді. Ендігі ретте уақыт тезінен өткен бұл іскерлік жаңа сатыға көтерілмек. “ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы өндіріс ошақтарымен ұзақмерзімдік келісімге тұруды көздеп отыр.

  Дмитрий Мочалов,  “ҚазМұнайГаз” БӨ” АҚ логистика департаментінің директоры:
 -“Самұрық – Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының жаңа ережелеріне сай, біз ұзақмерзімдік келісім жасасуды жоспарлап отырмыз. Әріптестік қарым-қатынасты үш жылға орнатамыз. Бүгін біз 2011 жылға тапсырыстар жобасын әкелдік.

Кездесуде компания өкілдері тапсырыстар жобасын таныстырып, жаңа ережелерді әңгіме етті. Ал жергілікті кәсіпорын қызметкерлері мүмкіндікті пайдаланып, өз ұсыныстарын білдіріп қалды. Тапсырысты дайындау мерзімі мен қаржы жағынан қиындықтар бар екен. Петропавл ауыр машина жасау зауыты, “Поиск” еншілес фирмасы, Киров атындағы зауыт пен “Мұнаймаш” АҚ – аталған компаниямен жұмыс жасайтын ірі кәсіпорындар. Жергілікті тауар өндірушілер бұл әріптестіктің өндіріс көлемін арттыруға әрі жаңғыртуға серпін беретінін айтады.

  Юрий Белоусов,  “Поиск” ЕФ” ЖШС бас директоры:
-Біздің кәсіпорынның “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру ” АҚ -мен іскерлік орнатқанына он екінші жыл. Біз бұрғылау жабдықтарына қосалқы бөлшектер шығарамыз. Үстіміздегі жылы 130 млн. теңгенің тапсырысын орындадық. Ұзақмерзімдік келісімнің шарттары біздің көңілімізден шығады.

Ал  солтүстікқазақстандық кәсіпорын өнімдерінің сапасына әріптестерінің көңілі толады. Алдағы уақытта жергілікті тауар өндірушілер бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жетілдіре түспек.

Айымгүл Әбілев