Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысы Тайыншада өтті

 

 

 

 Республикалық денсаулық сақтау министрлігі  алқа отырысының Тайынша ауданында өткізілуі кездейсоқ емес.  Бұндағы аудандық емхана – Қазақстан бойынша шаруашылық жүргізу құқығы берілген жалғыз медициналық мекеме. Әрі емхананың материалдық-техникалық базасы қаладағылардан еш кем емес. Бүкіл Қазақстанның денсаулық сақтау мекемелері жетекшілерінің қатысуымен бұндай шара облыста алғаш рет өткізіліп отыр. Өңір басшысы Серік Біләлов солтүстікқазақстандықтардың жетістіктерін сөз етті.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 – “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы облыстық қан орталығы пайдалануға берілді. Орталық қазіргі заманғы медициналық қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ,  Петропавлда бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын жаңа емхананың құрылысы аяқталды. Емдеу мекемесі 60 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Жыл аяғына дейін Ғ.Мүсірепов және Жамбыл аудандарында туберкулезге қарсы күрес диспансерлері ашылады. 

Күн тәртібінде   елді мекендерде медициналық қызмет көрсетуді жақсарту және жедел жәрдем қызметінің жағдайы мен оны дамыту жолдары  туралы екі мәселе талқыға түсті. Денсаулық сақтау вице-министрі Салидат Қайырбекова өз баяндамасында әлі де шешуін таппаған түйткілдерді тізді. Қазірде медициналық мекемелердің тек сексен пайызы ғана мемлекеттік нормативтерге сәйкестендірілген. Емдеу мекемелерін компьютермен жабдықтау мәселесі бүгінгі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Қазақстан бойынша ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының жабдықталуы бар болғаны 37 пайызды ғана құрайды. Басты проблема – мамандардың жетіспеушілігі.

  Салидат Қайырбекова, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
-Ауылдағы емдеу мекемелерінің дәрігерлермен қамтамасыз етілуі қаламен салыстырғанда 4 есеге, ал орта медициналық қызметкерлер саны бойынша 2 есе төмен. 2009 жылы елді мекендерге 488 жас маман жіберіліп, 274-не баспана берілді.

Жақсылық Досқалиев бұл проблеманың өңірлерде қалай шешіліп жатқанын сұрады. Өз ұсыныстарын Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының  денсаулық сақтау саласы басшылары жеткізбек болды. Алайда олардың айтқанында еш жаңашылдық байқалмады. Ал ғылым және адам ресурсы департаментінің мамандары Тайынша аудандық орталық ауруханасының базасында медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру орталығын құруды ұсынды. Сөйтіп, солтүстікқазақстандық дәрігерлер өзгелермен тәжірибе алмаспақ. Бұл бастаманы денсаулық сақтау министрі қолдады. Бүгінде Қазақстанда жедел жәрдем қызметінің 260 станциясы жұмыс істейді. Олардың еншісінде 3 141 көшпелі бригада бар. СҚО   осы қызметке жүгінушілердің саны бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Аталған мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармаларының жетекшілерін тыңдаған Жақсылық Досқалиевтің олардың жұмысына көңілі толмады. Медициналық қызмет көрсету Комитетінің басшылығына олардың есебін тексеруді тапсырды. Келіспеушілік анықталған жағдайда ведомство жетекшілері қызметтен босатылмақшы.

Айымгүл Әбілева