Мәдениет

Тіл фестивалі аясындағы ашық сабақ

 

 

 

 

 

 Алдымен № 26 мектептің қонақтары “Әл- Фараби –  көп тілді тұлға” тақырыбындағы  ашық сабаққа қатысты. Білім ордасының шәкірттері шығыстың Аристотелі саналатын   ғұламаның өмірі, шығармашылығымен жақсы таныс екендіктерін көрсете алды. Ал үшінші сынып оқушылары меймандарға сары алтынға малынған күз мезгілінің әсемдігі мен осы уақыттағы табиғат құбылыстарын баяндап беруге тырысты. Оқу орыс тілінде жүретін  мектептің  жеткіншектері қазақ тіліне судай екендіктерін ғана емес, заманауи оқыту- әдістемелік құралдарымен тиімді жұмыс жасай алатындықтарын паш етті. Сабақты 10 жыл бойы өзге ұлт өкілдерінің тілін сындырып, қазақшаға бұрып жүрген Людмила Милютина өткізді.

  Людмила Милютина, №26 орта мектептің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
 – Біздің мектебімізде бастауыш сыныптарда қазақ тілін тереңдетіп  оқытудан эксперимент жүріп жатыр. Бастауыш сыныптарда оқитын оқушылардың 80 пайызы өзге ұлт өкілдері. Бұл алаңымыз жұмыс істеу үшін мектебіміз жабдықталған. Қазақ тілін тереңдетіп оқытуда барлық тиімді жолдар жасалынып жатыр.

Мемлекеттік тілге үйретіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу үзіліс уақытында да үзілмейді. Қазақ тілінде  біраз бой жазып, сергіген оқушылар «Ана тілім  – тірлігімнің айғағы» тақырыбындағы  ашық сабаққа кірісіп кетті.

 Оқушылар:
– Қазақ тілі  – мемлекеттік тіл. Мен ойлаймын,  оны әрбір қазақстандық білуі керек. Өзіме келсем, маған қазақ тілін білу өте қажет жоғарғы оқу орнына түсу үшін.
-Қазақстанның жастары білу керек. Мемлекеттік тілді білмей болашақта өздерінің өмірлеріндегі мақсаттарын жүзеге асыру қиын болады.

Шара тіл білгірлері сайысымен аяқталды. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген нақылды ұстанатын жоғарғы буынның полиглоттары үш тілде жиған-терген білімдерін осы байқауда сынай алды.  Семинарда тәжірибелі ұстаздардың жұмысымен танысып, пікір алмасу әсіресе жас мамандарға   мол сабақ болған секілді.

  Перизат Елмұратова, № 16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Мұнда оқушылардың жақсы дайындығын, мектеп ұжымының, қазақ тілі әдістемелік бірлестігінің жақсы жұмысын көруге болады. Біз жас маман ретінде осы сабақтарды қарай отырып, өзімізге жаңа әдіс-тәсілдерді үйреніп, тәжірибе алмастық.

  Виктория Говорухина,  № 14 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
-Осы семинар маған өте ұнады, өте қажетті .
Сабақтар өте қызықты. Балалар тек қазақша сөйледі.

 Жеңіс Ермұқанов