Құқық қорғау органдары

Тағы бір заңсыз аңшылық фактісі әшкереленді

 

 

 

 

 

 

 Кезекші бөліміне Қайранкөл ауылының маңында мылтықтың атылған даусы естілді деген хабар келіп түскен. Оқиға орнына шыққан тәртіп сақшылары мен орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері браконьерді бірден қолға түсірді. Кейін анықталғандай, 35 жастағы күдікті бұрын сотталмаған, Қайранкөл елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Полицейлер айғақты заттарды  аңшының қорасынан тәркіледі.

  Ғазез Ахметов,  СҚО ІІД табиғат қорғау бөлімінің бастығы:
– Күдіктіден атылған үш сібір елігі, пышақ, 16 калибрлі тегіс оқпанды мылтық пен 7 оқ-дәрі тәркіленді. Қазіргі кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр.

Күдіктінің айтуынша, мотоциклмен металл сынықтарын іздеуге дала кезіп шыққан, жолда үш елікті көрген соң  үйіне оралып қару алып шыққан.

  Күдікті:
  – Алдымнан екі елік атып шықты. Екеуін де бірден атып өлтірдім. Үшіншісін көрген соң, 50 метр жүріп, оны да мылтықтың оғымен құлаттым.

Браконьер атылған жануарларды үйіне жеткізу үшін ол екі досын көмекке шақырған. Полицейлер оңай   олжа таппақ болған  азаматтарды еліктерді мүшелеп жатқан жерінде қолға түсірді.

  Арман Әбілқайыров,  СҚО орман және аң шаруашылықтары аймақтық инспекциясының бас маманы:
  – Күдікті рұқсат қағаздарынсыз аңшылық жасады. Сол себепті ол ҚР аумағындағы аңшылық ережесін бұзды. Сөйтіп, табиғатқа 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде шығын келтірілді.

Жыл басынан бері солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары заңсыз аңшылық жасаудың 8 фактісін әшкереледі.

Жасын Біркенов