Әр түрлі

Жалғыздықтан пәтеріне қаңғыбас иттерді жинаған

 

 

 

 

 

Учаскелік инспектор қанша есік қаққанымен, пәтер иесі Татьяна Голыбина жасырынып, есікті ашқан жоқ. Зейнеткердің баспанасынан тек иттердің үрген дауысы ғана шықты. Көршілердің айтуынша, мұндай жағдай бірнеше жыл қатарынан қайталанып келеді. Адамның төрт аяқты достары осындағы тұрғындардың мазаларын алып болды.

  Александр Швецов:
 – Мен
ің пәтерімде пластикалық терезелер орнатылған. Оларды тәуліктің кезкелген мезгілінде аша қалсаң, иттердің арсылы мен жағымсыз иісі маза бермейді. Мен мына үйде тұрып, жапа шегіп жатсам, көршілердің жағдайы мүлдем мүшкіл.

Зейнеткер өз пәтерінде оннан астам ит пен мысық ұстайды  дейді көршілер. Үй иесі көше кезген жануарларды жинап алған.

  Ольга Горлова:
  – Иісі тым жаман. Әсіресе, сасық иіс қыста күшейе түседі. Мұрынды бітеп жүруден басқа амал жоқ. Ал иттердің даусынан баламыз таңғы бесте ұйқыдан оянатын кездер болады. Иттер подъезді де бүлдіріп кетеді.

Мұндай жағдайларда учаскелік инспекторлар әлсіз. Өйткені пәтер – зейнеткердің жеке меншігі. Тәртіп сақшылары тұрғындарға санитарлық-эпидемиологиялық орталыққа шағымдануға кеңес береді.

  Саят Ғалымов,  учаскелік инспектор:
Осы үйдің тұрғындарынан бірнеше өтініш болды. Пәтер иесі есікті бізге ешқашан ашпайды. Үйіндегі иттері де, өзі де далаға шықпайды. Есікті бұзып кіруге біздің құқығымыз жоқ. Енді көршілерге СЭС -қа арыз жазу керек.

Алайда Петропавл қаласының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы да бұл мәселенің  шешімін таба алмады. Мұндағы мамандардың сөзіне қарағанда, санитарлық ережелер мен нормаларда жануарларды үйде ұстау мәселесі қарастырылмаған. Көше кезген ит пен мысықтар түрлі қауіпті ауруларды таратуы әбден мүмкін   дейді дәрігерлер. Бірақ  медицина қызметкерлері де бұл жерде қауқарсыз. Тұрғындарға көмекке тек тәртіп сақшылары ғана арыздар бойынша келе алады. Ал көршілер қаншама наразылық білдіргенімен, зейнеткерге аяушылықпен қарайды. Өйткені  пәтер иесінің үй жануарларынан басқа ешкімі жоқ дейді олар.

 

Жасын Біркенов