Мәдениет

Театр маусымы ашылды

 

 



Театр залына № 43, 21 және 10 мектептерден келген 400-ге жуық оқушы жиналды. Ал сахнада орыс халық ертегілерінің ең көрнекті өкілдері жалмауыз кемпір, патша, сұлу бикеш және зұлымдық иесі. Тек олар заманға сай икемделген, бүгінгі балалардың көңілінен шығатындай жаңа кейіпте ұсынылды.

Татьяна Афанасьева, жалмауыз кемпір рөлін сомдаушы:
– Маған жалмауыз кемпірдің рөлі тигеніне өзім қуаныштымын.
Себебі менің кейіпкерім кітаптардағыдай емес, ерекше, бұл жолы ол жақсылықтың жағында. Сондықтан балаларды шошытып алмай, оларға ұнауға тырысамын.

Тұсауы кесіліп жатқан жаңа қойылым «Молодильные яблоки» деп аталады. Бүгінгі сахна да сол тақырыпқа сәйкес безендірілген. Ертегі Владимир Илюховтың шығармасының желісімен қойылған.

  Наталья Сакович, қоюшырежиссер:
 – Біздің нақ осы қойылымды таңдаған себебіміз қазіргі балалар оны тез, әрі жақсы қабылдайтынына сенімді болдық. Ертегіні заманауи стильде ұсыну үшін біз жаңа әуендерді, әдемі киімдерді пайдаландық. Шынын айтсам, қойылымды сахналауға уақыт өте аз жұмсалды.

Мультсериалдардан сан мәрте көріп жүрген ертегі жақсылықтың жеңісімен аяқталатынын білсе де балақайлар актерлармен бірге қайғырып, бірге күліп отырды. Ал соңында әділ сыншылар кейіпкерлерге өз бағасын берді.

Балалар:

-Маған осында келген өте ұнайды, музыка ұнады.
 -Мен бұл ертегіні кітаптан оқыдым. Енді өз көзіммен көрдім, қатты ұнады.
– Бәрі ұнады, Аленушка мен Иванушка.

Алғашқы көрермендердің көңілінен шыққан ертегі енді осы маусым аяғына дейін қала оқушыларын қуантатын болады.

 

  Кәусар Аяпбергенқызы