Мәдениет

“Біз әлемдегі бейбітшілікті қолдаймыз”

 

 

 

 

 
Ауқымды жобаға 12 мемлекеттің өкілдері қатысты. Қазақстаннан  жерлестеріміз Евгения Колина мен Татьяна Косова барған.  Жас мамандардың осындай шараға қатысуына  Ресей мен СҚО мұражайлары бірлестігінің тығыз қарым-қатынасы мұрындық болған. Бұндай кездесу осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Тың бастаманың мақсаты мемлекеттер арасындағы мәдени әріптестік байланыс орнату.

 Евгения Колина,  облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:
-Бұл іс-шараны халықаралық және аймақаралық байланыстар мен Ямал-Ненецк автономды аймағының жастар саясаты департаменті ұйымдастырды. Конгресс орыс тілінде болды. Біз Австралия, Латвия, Португалия және т.б. елдердің азаматтарымен таныстық. Байқауда алты тақырыптың ішінен “Интеллектуалдық қоғамдастықты” таңдадық.

Жобаға қатысушылар семинарлар, дәрістер мен шеберлік сыныптары көп нәрсеге көзімізді ашты дейді. Мәселен, Евгения Колина шетелдік әріптестеріне орыстың ұлттық тұмарларын жасауды үйретіпті.

  Евгения Колина, облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:
 –Біздің мұражай орыс халқының мәдениетін сақтап қалу жолында көптеген істер атқарып жүр. Сондықтан біз ұлттық тұмарлар жасау бойынша шеберлік сыныптарын өткіздік. Мына тұмар жаңа отау құрғандарға беріледі.

Жастар пайдалы ақпар алып қана қоймай, өз тәжірибелерімен де бөліскен. Кейін әр елдің өкілі Отанының әлеуметтік өмірімен таныстырған. Кездесудің соңғы күнінде белсенді азаматтар халықаралық қатынас  орнататын жобаларын ұсынды. Татьяна Косова “Экотуризм – дамудың болашағы” атты жұмысын көрсетіп, әріптестерінің ерекше ықыласына ие болған.

  Татьяна Косова,  облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
 -Ондай кездесулерден үлкен білім жинақтауға болады. Біз жетім балалар, мүгедек жастар, тіпті экология мәселесін де қызу талқыға салдық. Мен осы тұста Қазақстанның табиғаты туралы айтып, біздің экологиялық жағдайымыз жайлы сөз қозғадым. Соның ішінде “Жасыл ел” бағдарламасын да назардан тыс қалдырған жоқпын.

Жас мамандар осындай кездесулер арқылы әр ел бір-бірімен жақындаса түспек дейді.

Гүлден Сәрсенбаева