Бизнес және экономика

Қор нарығын дамыту

 

 

 

 

Қор нарығы – Қазақстан үшін жаңа іс. Алайда осы күннің өзінде  «Қазақмыс» сияқты ірі компаниялар, екінші деңгейлі банктер қор биржасының белді мүшесі атанып үлгерді. Қазіргі таңда  республикалық қор нарығына өз акциялары мен құнды қағаздарын 124 отандық компания шығарған. Бірақ олардың арасында солтүстікқазақстандықтар жоқтың қасы.

 Ілияс Ақынбеков, АӨҚО эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс басқармасының бас маманы:
-Көбінесе дамыған облыстардың өкілдері, Алматы, Астана, Қарағанды облыстары, ал СҚО өкілдері өте аз. Осы жерге келгеніміз – СҚО-да жақсы компаниялар бар.
Біз соларды қор биржасының артықшылықтарымен таныстыру үшін келіп отырмыз.

Алматы қаласының қаржы орталығы қор нарығының әлеуетті  ойыншыларын іздеу үшін, өңірлерді аралауға шыққан. Петропавл – жұмыс жоспарындағы алғашқы қала. Бүгінде әсіресе  шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына басымдық беріліп отыр. Жергілікті кәсіпорындар қор биржасына эмитент – яғни акцияларын шығарушы және инвестор ретінде қатыса алады. Бұндай мүмкіндікті болашақта “Сүт одағы” ЖШС-гі қалт жібермейміз деп отыр.
 
Дмитрий Лапицкий, “Сүт одағы” ЖШС жетекші экономисі:
Мүмкіндіктер, әрине, молынан. Бірақ, оған бәрі бірдей қол жеткізе алмайды. Біз қазіргі таңда қор нарығына шыға алмаймыз, мұндай қадамға баруды алдағы бірекі жылда жоспарлап отырмыз.
 

Кіші-гірім коммерциялық ұйым қор биржасында инвестор бола алмайды. Алайда эмитент ретінде кәсіпорынға қосымша қаражат тартуға мүмкіндік бар. Тек банктік несиеден айырмашылығы қор нарығының қатысушылары қарызды өтеу шарттарын өз ыңғайына қарай жасап алады. Негізгі берешекті де бірден емес, өтеу мерзімі аяқталғанда бір-ақ қайтаруға жағдай жасалған.

Ілияс Ақынбеков, АӨҚО эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс басқармасының бас маманы:
 – Көп компаниялар тек қана банк кредитін біледі. Біздің мақсатымыз – басқа да көздер бар екенін түсіндіру. Мысалы, акция немесе құнды қағаздарын сату арқылы.
 

Мемлекет тарапынан алдағы 3 жылдың ішінде қор нарығына шығатын кәсіпорындардың аудитке кеткен шығындарын қайтару қарастыралған. Нарықтың жаңа түрі  оның механизмдері мен мүмкіндіктері туралы жергілікті кәсіпкерлер облыс орталығындағы “Ақпараттық білім беру орталығында” кеңейтілген мағлұмат ала алады. Болашақтың ауқымды істеріне ой салатын  қаржылық  кеңестердің барлығы   тегін.

 

  Гүлмира Шоқтыбаева