Спорт

«Қызылжар» өз алаңында алматылық «ЦСКАны» қабылдады

 

 

 

 
Бірінші таймның алғашқы минуттарынан бастап «Қызылжар» бірден шабуылға кірісті. Сөйтіп, жерлес футболшы бұрыштан бағыттаған допты алматылық «ЦСКА» ойыншысы Алмаз Сұртаев өз қақпасына кіргізіп алды. Есеп 1:0 – алғашқы ұпай петропавлдықтардың еншісінде. Алматылық футболшылар белсенділікті таймның екінші жартысында таныта бастады. Қорғаушылардың қателіктерін пайдаланған «ЦСКА» ойыншылары жақсы шабуылдармен ерекшеленді. Алайда бірнеше мүмкіндікті қалт жіберіп алған қарсыластар  есепті теңестіре алмады. Осылайша, ойыншылар 1:0 есебімен үзіліске тарасты. Ал екінші тайм бірден қызу басталды. Алғашқы минуттарда қос қақпаға бірнеше қауіпті соққылар жасалды. Есеп айырмасын өзгерту үшін қос команданың бапкерлері футболшыларды алма-кезек ауыстырғанымен, жағдай өзгермеді. Тіпті  спортшылар тарапынан ойын ережелері бұзыла бастады. Сөйтіп, қызылжарлықтарға – бір, ал меймандарға екі ескерту жасалды. Сондай-ақ, қосымша уақытта бас төреші «ЦСКА» капитанын алаңнан шығарып тастады. 1:0 есебімен жерлестеріміз көптен күткен жеңіске   жетті.

 Жанкүйерлер:

 – Меніңше, бүгінгі ойынға “0” деген баға беруге болады. Кездейсоқ соғылған доп – біздің футболшыларымыз қол жеткізген жетістік емес.  “ЦСКА” сияқты команданы ірі есеппен де жеңуге болушы еді.
  – Автоголдан кейін біздің ойыншылар қорғаныс шебін күшейте бастады. Сондықтан олардың тарапынан шабуылдар аз болды. қызылжарлықтарға әлі де көп жұмыс істеу қажет.
– Біздің жігіттерімізге жылдамдық жетпейді. Бүгін Аитов пен Мясковский тамаша ойын өрнегін көрсетті. Футболшыларымызға көп жаттығу қажет. Біз, жанкүйерлер
, командамызға әрдайым қолдау көрсетеміз.

Бұның алдында  Семей қаласының «Спартак» командасы жерлестерімізді өз алаңында қабылдап, «Қызылжар» 2:0 есебімен ұтылған еді. Сондықтан, турнирлік кестеде солтүстікқазақстандық футболшылар небары 10-ыншы орыннан көрінді. Келесі ойын «Қарасай» стадионында қыркүйектің 16-ы өтеді. Бұл жолы «Қызылжар» Қаскелеңнің «Сұңқар» командасымен кездеседі.

Жасын Біркенов