Әр түрлі

Арақ-шарап өнімдерін саудалаудың жаңа ережелері

2010 жылдың сәуірінен елімізде айналымда жүрген алкоголь өнімдерін есептік бақылау маркілерінің жаңа түрі енгізілді. Сондықтан соңғы үш жылда қолданыста жүрген маркілер келесі жылдың 1 қаңтарына дейін ғана заңды күшіне ие. Тауардың сапасын растайтын жаңа үлгідегі құжаттың күшейтілген қорғанысы айлакер саудагерлерге оның көшірмесін жасауға мүмкіндік бермейді. Соңғы өзгерістерге сәйкес 2011 жылғы қаңтардың бірінен бастап, жоғары градусты ішімдіктер республикаға енгізілгенде, ел аумағы бойынша тасымалданғанда міндетті түрде маркіленген болуы тиіс.

 Сәуле Мүсілімова, СҚО бойынша салық департаменті басқармасының бастығы:
-Ал экспортқа шығарылатын, алымдар салынбайтын, Кеден одағы құрамындағы елдерден уақытша енгізілген, жарнамалау мақсатымен әкелінген жалғыз даналы шөлмектер, еліміз арқылы шекаралас мемлекеттерге тасымалданатын алкогольдік өнімдер маркілеуді қажет етпейді.  

Сондай-ақ, жаңа жылдан литрінің құны 500 теңгеден кем арақ-шарап өнімдерін саудалаулауға да тыйым салынбақ. Отты суды сақтау ыдыстарына қатысты да жаңа ережелер шықты.

Сәуле Мүсілімова,  СҚО бойынша салық департаменті басқармасының бастығы:
 – Қалбыр ыдыста, пластикалық бөтелкелерде, полимерлі , картон қаптамалардағы алкогольді тауарды саудалауға тыйым салынады. Мұндай орамада тек 12 градусқа дейінгі шарап, сыра өнімдерін өткізуге рұқсат етіледі.

Мораторийге байланысты 1 жылдан артық қадағалаушы органдардың тексерісінсіз қалған кәсіпкерлердің бизнесін бақылау жұмыстары қайта жандануда. Кассалық апппараттар мен алкогольдік өнімге қатысты кезекті және жоспарсыз тексерістерді салық комитетіне жүргізу жүктелген. Саудаға түсетін спирттік ішімдікке лицензия алу үшін енді жергілікті билік өкілдеріне  емес, салық органдарына жүгініп, өтініш жазу керек.

Жеңіс Ермұқанов