Ауыл шаруашылығы

Қарақұмық бар, бірақ қымбат

 

 

 

 

 

Жақында ғана қала бойынша сауда сөрелерінде қарақұмық тапшылығы байқалған болатын. Алайда ірі сауда үйлері мен базарлар сөрелері жарманың түр-түріне – ресейлік, қазақстандық, өлшеп саудаланатын және орамадағыларына толып тұр. Сатушылар қарақұмық тапшылығы болмағанын, тек бағасының қымбаттағанын айтады.

  Лариса Суровцева, көтерме сауда орталығының сатушысы:
-Қарақұмықтың бағасы көтерілді. Бірақ біз үстеме бағаны 10 пайыздан асырып отырған жоқпыз. Өлшеп сатылатын жарманың бір келісі бізде 220 теңге, ал орамадағылар 180 теңге тұрады.
 

Қарақұмық бағасының қымбаттауы түсінікті құбылыс. СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары биыл бұл дақылдың өткен жылдарға қарағанда аз шыққанын айтады. Дегенмен, облысымызда 2000 гектардан түскен өнім жергілікті тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыра алады дейді .

  Қуандық Тнеев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:
-Облысымыздың 13 ауданынан Тайынша, М.Жұмабаев, аудандары үлкен көлемде, 500 га-дан өнім беріп отыр. Одан кейін Есіл, Аққайың. Олар 300 га-дан. 2008-2009 жж ылғал жақсы болғандықтан өнім де жақсы болған еді. Осы жолы сәл аздау.

«Южный» базарының саудагерлері жармаға деген сұраныс соңғы сыбыс-қауесеттерге байланысты біршама артқанын айтады. Алайда, қарақұмық қажет көлемде жеткізілуде.

Светлана Бердюгина, «Южный» көтерме-бөлшек сауда базарының сатушысы:
-Қарақұмықты тұтынатындар қатары қалың. Еш толастаған емес.
 
«Океан» сауда үйінде де дәл осындай көрініс. Сатып алушылар жарманы керек мөлшерде алуда. Мәселен, мұнда қарақұмық сөгінің келісі 160 теңгеден.

Ирина Синельникова,  «Океан» сауда үйі әкімшілігінің қызметкері
-Біздің қоймадағы қарақұмық көлемі саудалауға жеткілікті. Ол сауда сөрелеріне әрқашан уақытылы әкелініп тұрады. Енді биылғы жаңа өнімді  тосып отырмыз.

Қарақұмықты жинау қыркүйектің соңында басталады. Ендеше биылғы өнімнің нақты көлемі мен бағасы жақында белгілі болмақ.

Гүлден Сәрсенбаева