Мәдениет

12-ші облыстық тілдер фестивалі

 

 

 
Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде тілдерді дамыту бағытында қыруар шаруа тындырылды. Біртұтас тіл саясаты қалыптасып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ел бірлігі доктринасында : “Мәдениетті, дәстүр мен тілді жаңғырту мен дамыту – мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі” деп атап көрсетті. Үстіміздегі жылы 26 шілдеде Үкімет үйінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы талқыланды. Бұл бағдарлама тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  тапсырмасымен жасалып отырған құжат.

Мемлекеттік тілді дамыту үшін облысымызда да көптеген жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекетік тілдегі шығыс құжаттар үлесі 96%, кіріс құжаттар 69%-ды құраған. Мемлекеттік тілді меңгеремін дегендер үшін түрлі курстар, үйірмелер, орталықтар жұмыс жасайды. Мамандар туған тілінде білім алуға ниет танытқан қазақ балаларының қатары қалыңдап келетінін айтады. Елді мекендердің тарихи атауларын қайтарып, қазақшалау ісі баяу болса да алға жылжып келеді.  Тіл – қай халықтың болмасын баға жетпес мұрасы екені даусыз. Бүгінгі таңда елімізді мекендейтін барлық ұлттардың өз тілін, мәдениетін, әдеп-ғұрпын сақтауға бар жағдай жасалып-ақ жатыр. Бүгінгі күні өзге ұлт өкілдері арасында да қазақ тілін білуге деген қызығушылық байқалады.

 Юлия Маркова,  “Вместе” газетінің редакторы:
-Мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде облыс әкімінің гранты бойынша оқыдым. Алған білімімнің арқасында 3 тілде шығатын “Вместе” газетінде жұмыс істеймін. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тілде білім алғанымды мақтан етемін.
Қазақ тілін сүйіп оқимын.

Үш тілде қатар сөйлеген Юлия Маркова жұртшылықтың ризашылығына ие болды. Өзге ұлттың тіліңді білгені қуантады, әрине. Бірақ оларға үлгі болу үшін ең алдымен өзімізден бастаған жөн-ақ.

  Рүстем Уәйісов,  облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
Еврей халқы 2 мың жыл бұрын өліп қалған тілін елу жыл ішінде қайта тірілтіп, өз тілінде сөйлеп жатыр. Бізде намыс деген болу керек. Көп қазақтарда намыс деген жоқ. Соны еске алыңыздар.

Ресми бөлімнен кейін кезек марапттау рәсіміне де жетті. Мемлекеттік тілді дамытуға және тіл саясатын насихаттауға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Биыл сондай-ақ бірнеше аталымда жеңімпаздар анықталды. “Үздік мекеме” аталымында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы топ жарды. “Альянс банктің” облыстық филиалы “Үздік кәсіпорын”,  М.Жұмабаев ауданындағы Авангард округы – “Үздік ауылдық округ” атанды. Аудандар ішінде уәлихановтықтар көш бастады. Қазақстан халқы тілдерінің 12-ші облыстық фестивалі бір аптаға жалғасады. Оның шеңберінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.
 

Айымгүл Әбілева