Білім

“Тілдарын-2010” олимпиадасы

 

 

 Жыл сайынғы олимпиада үш кезең бойынша өтеді: қалалық, облыстық және республикалық. Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар   тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру үшін қажет.

  Аян Садаев, Петропавл қаласының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің бастығы:
-Сайысты өткізу үшін көп дайындалдық. Біз барша азаматтың үш тілді білгенін қалаймыз. Оның үстіне, Елбасымыз да өз жолдауында бұл мәселені әрдайым көтеріп отырады.

Байқау бағдарламасы 4 тапсырмадан тұрады. Атап айтатын болсақ, шығарма жазу, тұсаукесер, баспасөз мәслихатын өткізу және мәтінге ілеспе аударма жасау. Бірінші турдан 18  азамат  іріктелді. Қазылардың айтуынша, биылғы байқауға қатысушылардың деңгейі өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Тоқжан Сауытова, қазылар алқасының мүшесі:
-Шығармаларды тексердік. Соның ішінде тек біреуі ғана «бес» деген бағаға лайық деп табылды. Қалғандары үш алды. Дәрежелері төмен. Мұндай жарыстарға тыңғылықты дайындалу керек. Әлі үш кезең бар. Енді олардан қалай өтеді екен? Соны байқап көреміз.

Алғашқы турда ең жоғары бағаға тек бір қатысушы – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Әділбек Мұратаев ие болды. Әділбек өзінің шығармашылық табысында үш тілдің қазақстандықтар өміріндегі   маңызы жайлы қалам тербепті.

  Әділбек Мұратаев, байқауға қатысушы:
-Мен мұндай сайысқа алғаш рет қатысып отырмын. Бастамам жаман емес сияқты. Мұндай байқаулар өте қажет. Себебі дәл осындай жарыстар тілді үйренуге деген құштарлығыңды оятады. Жиі өткізіле берсін.

Бұл сайыстың алғашқы кезеңі. Алда жеңімпазды облыстық, кейін республикалық дода күтіп тұр.

 

Гүлден Сәрсенбаева