Өнеркәсіп

Бескөлдік жиһаз өндіруші



 

  

Жергілікті өнім – қайың мен қарағай, көпжылдық тәжірибе, ағаш өңдеудің бірегей новаторлық механизмдері – «Левин» жеке кәсіпкерлігі сәттілігінің кепілі осы. Ал Владимир Давыдовичтің өзі кәсіпорынның басты байлығы – ұйыған ұжым дейді.  Шебер қолдар  жиһаз шығаратын кәсіпорынды өңірдегі ағаш өңдеуші кәсіпорындардың көш басына жетелеуде. Сапа жағынан да, өнім түрі жағынан да алда келе жатқан кәсіпорынның мүмкіндіктері осымен екінші жыл қатарынан “Қазақстанның үздік тауары” облыстық байқауында тиісті бағасын алып жүр.

  Владимир Левин, «Левин» ЖК жетекшісі:
-Менің ойымша, бұл ең үздік тауар емес. Біз жай ғана, халықтың көпшілігіне арналған тауарларды жасап шығарамыз.

Левин кәсіпкерлігінің өнімдері “Жиһаз үйінде” арзан бағамен саудаланады. Ал Петропавл мен өзге қалаларда үстемемен өткізіледі. Бүгінгі таңда сатып алушылардың қатары қалыңдауда, оған жақында құрылған Кеден одағы кең мүмкіндіктер ашып отыр. Мұндағылар ресейлік кәсіпорындарға бәсекелес болуға дайын – оған сапа мен бағаның арақатынасы мүмкіндік бермек.

  Елена Левина, «Левин» ЖК басқарушысы:
-Өнеркәсіптік көлемде алатын болсақ, облыста бізге бәсекелестік тудыратын кәсіпорындар жоқ. Өйткені мұндай мөлшердегі ағаш орындықтарды ешкім   шығармайды.

Қазіргі таңда кәсіпорын басшылығы өндіріске жас мамандарды тартуда. Жақында жұмысқа халықты еңбекпен қамту орталығы ұсынған 5 жұмысшы қабылданды.

  Наталья Черкасова,   «Левин» ЖК бухгалтері:
-Бұл салаға дайын, үйретілген мамандарды іздеп табу қиын. Бәрі бірдей ағашпен жұмыс істей алмайды. Сондықтан біз жастарды әуелі кәсіпке баулып, кейін жұмысқа аламыз.

Өндірістің конвейерлік әдісі, қалыптасқан технология, өнімнің алуан түрі – заман талабына сай кәсіпкерліктің үлгісі осы. Ал кәсіптің гүлденуі – әр жұмысшының алаңсыз болашағы. Шаруаны дөңгелетіп отырған 20 жылдың ішінде Левин кәсіпорнының басшылығы жалақыны кешіктіріп көрген емес, цехтар толық қуатта жұмыс істейді, дайын өнімнің де сатылмай, дүкенде тұрып қалғаны болған жоқ.

 Гүлмира Шоқтыбаева