Білім

Технология пәні мұғалімдері тәжірибе алмасты

 

Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға оқытушылар облысымыздың түпкір-түпкірінен келген. Өткен жылғымен салыстырғанда биылғы жұмыс жоспары әлдеқайда ауқымды. Біліктілікті арттыруға бағытталған бағдарлама екі аптаға дейін ұлғайтылған. Осы жолы технология, өзін-өзі тану, тәрбиеші мамандарға баса назар аударылған. Солтүстік Қазақстан облыстық  педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты қазақ халқының ұлттық қолданбалы қолөнерін дамыту мақсатында еңбек пәні мұғалімдеріне ерекше тәжірибелік сабақтар дайындап қойыпты.

 Бақытжан Теміров,  СҚ педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының аға оқытушысы:
-Білім саласында көп өзгерістер болып жатыр. Сондықтан мұғалімдер жаңа стандарт бойынша жұмыс істейді. Теориялық және практикалық білімдерін ұштастыру үшін екі апта уақыт беріп отырмыз. Бүгін Серхан Батай жаңа сабақ көрсетеді.

Қожаберген жырау атындағы № 6 орта мектептің технология пәнінің оқытушысы Серхан Батай қонақтарға қазақ қолөнері жайлы әңгімелеп, “Ағашты күйдіріп өрнектеу” тақырыбында  сабақ өткізді.

  Серхан Батай ,  Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің технология пәні мұғалімі:
Бір-бірімізбен тәжірибе алмассақ, бір нәтижеге қол жеткіземіз. Бүгінгі сабақтың ерекшелігі бүгінгі өндіріс қалай жұмыс істейді? Елбасы бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлікті дамыту мәселесі тұр. 

Серхан Батай әр қонақтың жұлдыз белгісіне сәйкес ағаш тақтайшаларға өрнек салды.  Жігітке жеті өнер де аз демекші, Ақжар ауданынан келген Бақытнұр Қахарман бүгінгі оқудан түйгенім көп дейді.

  Бақытнұр Қахарман, Бестерек орта мектебінің технология пәні мұғалімі, Ақжар ауданы:
-Біздің мектепте сайман жетіспеушілігі бар. Дегенмен Серхан аға айтқандай, барлығын қолдан жасауға болады.

Пайдалы курстар қыркүйектің 17-не дейін жалғаспақ. Қорытынды кездесуде технология пәнінің мұғалімдері өздерінің жұмыс әдістерімен бөліседі.

Гүлден Сәрсенбаева