ТКШ

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы облыс әкімінің бақылауында

Парк және Брусиловский көшелеріндегі жылу магистралін қалпына  келтіру жұмыстары жаздың басында басталған. Ескі құбырлар қазіргі заманғы полиэтиленмен қапталғандарына ауыстырылып жатыр. “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігінің  директоры Андрей Калиничевтің айтуынша, жаңа магистраль үйлерге жылу беруді жақсартады. Облыс әкімі Серік Біләлов бұл жердегі жұмыс барысымен арнайы келіп танысты. Жылыту маусымы жақындап қалды. Ал шаруаның аяқталатын түрі әзірге көрінбейді. Облыс әкімі нысан дайын болатын уақытты сұрады. Андрей Калиничев өңір басшысын келесі аптада бар шаруаны аяқтаймыз деп сендірді. Интернационал көшесінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Бұл жерде Мирден Астана көшесіне дейін екі шақырымға жуық жаңа кәріздік коммуникация тартылуда. “Петропавл су” АҚ-ның президенті Сағындық Бегалин бүгінде 400 метр ғана қалғанын айтады. Бұл жер көлік қозғалысы көп учаске. Осы жағдай мердігерлердің жұмысына кедергі келтіруде. Сондықтан  көшені тым болмаса бірнеше күнге жабу керек дейді мердігерлер. Бұл нысандағы жөндеу жұмыстары бір ай көлемінде тәмамдалмақ. Серік Біләлов Ульянов және Крепостной көшелеріндегі магистральді қалпына келтіру жұмыстарын да байқап,  Я.Гашек және Жуков көшелеріндегі көпқабатты үйлерді аралады. Бұл баспаналарда 18 жылдан бері лифт жұмыс істемейді.Қазір олар жабық тұр. Тұрғындардың салғырттығынан кабиналарда бірнеше мәрте өрт те шығыпты. Петропавлдың тұрғын үй қорында 300-ге жуық лифт бар.

 

Елуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбіреуін тіпті ауыстыру қажет. Ендігі ретте бұл мәселені жергілікті атқарушы билік өз қадағалауына алмақ.

  Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Лифт шаруашылығын  бұдан былай қала әкімдігінің коммуналдық шаруашылығына ауыстыру керек. Біз қаржы бөліп, жөндеуді қажет ететін лифтілердің барлығын қалпына келтіреміз.  Сатып алу керек болса, жаңаларын аламыз.

Бұл жұмыстармен “Петропавллифт” серіктестігі айналысады. Фирма директоры Сергей Царьковтың айтуынша, бір лифті жөндеу үшін 1 млн. теңге қажет. Ал біреуін қалпына келтіруге бір ай уақыт керек. Мердігер кәсіпорынның үш бригадасы бір айда бес лифтке дейін жөндеуді жоспарлап отыр. Серік Біләлов келесі аптадан мердігерлердің жұмысқа кірісетінін айтты. Тұрғындар жеделсатыларды қалалық әкімдік балансына тапсыруды толығымен қолдады. Кездесуді пайдаланып, олар өңір басшысына толғандырып жүрген өзге де мәселелерін жеткізді. Ал Жуков көшесіндегі 21-ші үйдің тұрғындарына облыс әкімі лифтіні ғана емес, подъезді де қалпына келтіруге қол ұшын бермек. Бұл үйде 9 қабат түгелдей дерлік өрттен кейін жөндеуді қажет етіп тұр.
Бұдан кейін Серік Біләлов Петропавл құбыр зауытында болды.   Кәсіпорын алғаш рет өз өнімін экспортқа шығармақ.

  Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бүгінде зауыттың өндіріс көлемі 2,2 млрд. теңгені құрайды. Бұл кәсіпорын 18 мың тонна құбыр шығарды. Осы күнге дейін зауыт өнімі тек ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп келді. Құрылыс, машина жасау салаларында үлкен сұранысқа ие болып, жылу, газ, су магистральдарын жаңартуға жұмсалды. Енді бүгін Ресей Федерациясына 60 мың тонна көлемінде алғашқы партия жөнелтілмек. Ресейлік әріптестермен  ұзақ мерзімге келісім жасалды. Бұл зауыт өнімінің сапасы жоғары және оған сұраныс бар екенін айғақтайды.

  Марат Абюров,  “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС бас директоры :

– Бүгін біз үшін маңызды күн. Зауыт өнімінің сапасын арттыру үшін тынбай еңбек еттік. Міне жемісін көріп отырмыз. Бүгін алғашқы партияны жөнелткелі отырмыз. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жасаймыз. Бұның барлығы облыс әкімінің қолдауы арқасында жүзеге асып жатыр.

Кәсіпорын Ресейдің өзге қалаларымен де келісімшарт жасасып, іскерлік қарым-қатынас орнатпақ.

 Айымгүл Әбілева