Аптадағы маңызды жаңалықтар

Энергетиктер жөндеу жұмыстарын кешеуілдетуде

 

 Владимир Кудрявцев, №2 аудандағы жылу желілерінің бастығы:
– Бүгін осымен үшінші күн жылу трассасын басқан суды сорып жатырмыз. Бұл жұмыстарға үш бірдей арнайы көлік жұмылдырылды.

Алайда судан арылуға бағытталған жұмыстардан нәтиже шығар емес. Құбырлар толығымен судың астында жатыр.

 Михаил Захарьян, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:
– Біз судың химиялық құрамын тексердік. Зерттеу жұмыстарының барысында бұл «Петропавл су» кәсіпорнының  суы екені анықталды.

Жылу магистралі «Петропавл су» кәсіпорнының желілерімен қатар екен. Әбден тозған құбырлардан  аққан су «Петропавл жылу желілері»  кәсіпорнының қыс маусымына дайындығын  тежеп отыр. Мәселен,  Алтынсарин мен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмыстары бір апта бұрын аяқталуы тиіс еді. Алайда қолдары байланған энергетиктер істі амалсыздан тежеуге мәжбір.

  Михаил Захарьян, “Петропавл жылу желілері” ЖШС бас инженері:
-Жыл сайынғы гидравликалық сынақтарды жүргізе алмай отырмыз. Ауыстырылуы тиіс немесе жөндеуді қажет ететін құбырлар бар. Оларға да қолымыз жететін емес.

Ы.Алтынсарин, К Либнихт, Крепостная, С. Мұқанов, Ысмайылов көшелеріндегідей  апатты жағдайды облыс орталығының көп бөлігінен кездестіруге болады. Күздің  қара суығы  келіп қалды. Жылыту жүйелерін іске қосатын күннің де ауылы алыс емес. Қыстың қамын жаз ойламаған кәсіпорындардың қауырт маусымға әзірліктерінің түрі мынау. Тездетпесе, зардабын  қала тұрғындары тартатын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов