Құқық қорғау органдары

Аңшылық маусымы және браконьерлер

 

 Қыркүйектің 4-нен аңшылық маусымы басталды. Бұл кезеңде аңшыларға қаз, үйрек, қарақұр, шіл секілді жабайы құстарға тұзақ құрып, атып алуға рұқсат берілген. Алайда саятшылық құратындарға қарапайым ережелер жат болып тұр. Бұны прокуратура мен аң шаруашылығы инспекциясының жоспардан тыс рейдттік шарасы көрсетіп отыр. Маусым енді ғана басталғанымен, 7 бірдей заң бұзушылық тіркелген. Негізінен аңшылар елді мекендерінен алыстамай, іргесіндегі су қоймаларында әуестіктеріне ерік берген. Араларында атуға  тыйым салынған түз тағыларын да оққа ұшырғандары бар.

  Олег Беспалов, СҚО аң шаруашылығы аумақтық инспекциясы бөлімінің бастығы:
Жамбыл ауданында заңсыз елік атқан ер адам ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Енді ол 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде шығынды өтеумен қоса айыппұл төлейтін болады.

Жалпы жыл басынан осындай 6 факті тіркелген. Браконьерлер бұл әрекеттерімен жануарлар әлеміне 1 млн. 2 мың теңгеден артық залал келтіріпті. Тағы 29 түрлі заңбұзушылық анықталды. Қызыл кітапқа енбеген  аңдарды  атып алуға рұқсат қағаздары қыркүйектің 20-нан желтоқсанның 31-не дейін беріледі.

Жеңіс Ермұқанов