Құқық қорғау органдары

Полиция басшылары азаматтарды қабылдады



 

 

Алдымен тәртіп сақшылары журналистерді облысымыздағы криминогендік жағдаймен таныстырды. Аса ауыр қылмыстардың ізін суытпай ашу көрсеткіші жоғарылаған. Жалпы қасақана жасалатын қылмыстар 30 пайызға кеміп отыр. Есірткі саудагерлерімен күрес те күшейді. Мұның арқасында заңсыз айналымнан 200 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның екі келіден артығы героин. Баспасөз мәслихатында беті әлі ашылмай отырған қылмыстар жайы да сөз болды. “Соболь” дүкеніне баса-көктеп кіріп, 20 млн теңгенің тауарын қолды етіп, ізін жасырған тонаушылардың ісі орнынан қозғалар емес.  Ал INTERNATIONAL 90 S жүк көлігін белгісіз біреулер тапа-тал түсте автотұрақтан айдап әкеткен.

Сергей Солощенко,  кәсіпкер:
-Мен оны 30 мың АҚШ долларына банктан несие алып, сатып алдым. Машинам сақтандырылған. Десе де тергеу амалдары жүріп жатқанда несиемді де қайтара алмай, сақтандырудың сомасын да ала алмай әлек болып, не істерімді білмей отырмын.

Көлік иесі темір тұлпарының қызығын көріп те үлгермепті. Жоғалғанына бір жыл. Іске нүкте қойылатын күннің ауылы алыс сияқты. Кенеттен қылмыстық істің баптары өзгеріп, ұрылар белгісіз боп қалады. Амалы таусылған Сергей қоғамдық қабылдауға осы өтінішімен келіп отыр.

  Анатолий Дермановский, СҚО ІІД бастығының міндетін атқарушы:
– Бұл істің бүгінгі таңда шеті көрінбей тұрғаны шын. Оны көп кешіктірмей ашу үшін барлық кешенді шараларды қолданып жатырмыз.

Жалпы қоғамдық қабылдауға бұл күні өздерін мазалап жүрген түрлі сұрақтармен 7 солтүстікқазақстандық келді. Полицейлер барлық қойылған сауалдар мен шағымдар жауапсыз қалмай, жуық арада шешімін табатынын айтты.

Жеңіс Ермұқанов