ТКШ

Коммуналдық қызметтер жұмысы қоғамдық бақылауға алынды

 

 

 Шоқан Уәлиханов пен Ярослав Гашек көшелерінің қиылысында “Петропавл су” АҚ осы жазда су құбырларын жөндеген. Келісімге сай бұл жұмыстардан кейін кәсіпорын қазба орнын қайтадан қалпына келтіруі тиіс. Алайда міндетті шаруа толық атқарылмады. Соңғы уақытта мұндай жағдайлар Петропавлда жиілеп кетті, дейді нұротандықтар. Сол себепті партия мүшелері, депутаттар мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінен құрылған мобильдік топ рейдке шықты.

  Николай Черновол,  “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Қазба жұмыстары тұрғындарға қиындық туғызып отырған жоқ па. Тиісті белгілер мен қоршаулар орнатылды ма. Белгілі уақыт бойы су болмайтыны қалалықтарға ескертілді ме. Мобильдік топ осыны тексереді.

Алайда мобильдік топтың тәртіп бұзушыларды жазалауға құқығы жоқ. Олар тек қоғамдық бақылау ғана жүргізеді. Жолдардың берекесін алатын қызметтерге тұрғындар тарапынан көп шағымдар түсіп жатады. Сондықтан рейд барысында коммуналдық кәсіпорындардың жұмыстары қадағалауға алынды.

Айман Усинова, қала тұрғыны:
– Осы жерді жыл сайын қайта-қайта қаза береді. Бұл өз кезегінде маған бірқатар қиындықтар туғызады. Мәселен, біріншіден көшенің көркі бұзылды. Екіншіден, бірнеше ай бойы үйде су жоқ.

Мобильдік топ аулаларды көріктендіру мәселесіне де мән береді. Мәселен, “СевКазЭнерго” АҚ осындай жерлердің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссия мүшелері кәсіпорын қызметінен ешқандай кемшіліктер таппады. Мұнда шаруа кестеге сай орындалуда.

 
Жасын Біркенов