Әр түрлі

Бүгін Ораза айты басталды

 

 

Таң атқаннан мешітке адамдар көптеп ағылды. Олардың басым бөлігі бір ай бойы ораза тұтып, мұсылмандық парызын өтегендер. Жерлестеріміз Аллаға құлшылық етіп, Айт намазына жығылды.

 
  Қасымхан Абдоллаұлы,  Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
-Пайғамбардың хадисі бар: «жаңа ай туғанда ораза ұстаңдар және жаңа ай туғанда айттаңдар» деген. Бұл күндері мұсылман үйінде дастарқан жайылып, дүниеден өткен кісілерге құран оқылады. Жетім-жесір, мұқтаж адамдар болса, соларға көмек беру үлкен бір сауап болып саналады.

Мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөлісе отырып, кембағал, жетім-жесір, мүгедек жандарға қолынан келгенше сыйлықтар таратып, ауыру-сырқаулардың халін біліп, оларға Алладан шипа тілейді. Бұған дейін бір-бірімен араздасып қалған ағайын-туыс өткенге кешіріммен қарап, бір-біріне жақсылық тілесе, сол қабыл болады дейді бас имам. Облыс әкімі Серік Біләлов осындай ерекше күні Қызылжар орталық мешітіне келіп, өңір халқын қасиетті мерекемен құттықтады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Құрметті қауым, бүгін мұсылман халқы ораза айтты қарсы алып отыр. Солтүстікқазақстан халқы және өзімнің атынан ораза айт қабыл болсын, әр семьяға жақсылық, аспанымыз ашық болсын.Тек қана осылай аманшылық, жақсылықпен кездесейік. Осы мейрам бәрімізге құтты болсын.

Бүгін орталық мешітке жиналған жерлестеріміз көп. Әсіресе араларында Аллаға құлшылық етіп, намазға жығылған жастардың қатары қалың. Айт намазынан кейін жиналған жұрт төс қағыстырып, бір-бірін қасиетті мейраммен құттықтап, игі тілектерін білдіріп жатты.

 Жеңіс Ермұқанов