Аптадағы маңызды жаңалықтар

Оңтүстіктен келген циклон

 

 Күннің көзі жарқырап тұрған жайма-шуақ күндерден кейін петропавлдықтар бірден қара суықты күтпеген еді. Ауа температурасы кеше ғана +22-ні көрсетсе, бүгін күн райы бірден өзгеріп шыға келді. Таңертең аспанды бұлт қаптап, сәл жаңбыр сіркіреген болатын. Ал түсте ызғарлы жел соғып, қар аралас жаңбыр жауып, тұрғындарға тосын сый жасады.

 Тұрғындар:
-Қыркүйекте мұндай суықты күтпеп едім. Әлі де болса күн жылы болады деп ойлаған болатынмын.
-Мен стендтердің сынғанын көрдім.
Ағаштар да құлап жатыр.

Бүгін көшені бойлап жүру мүмкін емес, тіпті қауіпті. Қатты жел ағаштарды құлатып, билбордтарды сындырып, плакаттарды жұлып әкеткен. СҚО метеоролог мамандарының айтуынша бұл – оңтүстік циклонның әсері.

  Гүлзат Ғазизова, СҚ метеорология орталығының метеоболжау бөлімінің бастығы:

-Бүгін біз циклонның дәл ортасындамыз. Жел солтүстік-батыстан соғып тұр. Онымен бірге циклон да қарбаласуда. Облыс бойынша соққан желдің жылдамдығы 22 м/с-қа дейін күшейіп отыр.

Синоптиктер ауа райының ертеңнен бастап тұрақтанатынын айтады. Тек алдағы уақытта жылы күндерді күтпесе де болады. Қыркүйектің 11-інде тағы қар аралас жаңбыр жауады. Сенбілік кеште ауа температурасы кей жерлерде -3 градусқа дейін суытады. Күндіз + 3, + 8. Табиғат ананың тағы да қандай мінез танытатынын уақыт көрсетеді.

Гүлден Сәрсенбаева