Өнеркәсіп

Көпсалалы жабдықтар зауытында өндіріс көлемі өсіп келеді

 

 

 

 
Кәсіпорынның бір цехында кен орнын барлау және өндіру жұмыстарына қажетті бұрғылау қондырғылары жасалады. Көпсалалы жабдықтар зауыты Қазақстанда бұндай өнім шығаратын жалғыз кәсіпорын. Үстіміздегі жыл зауыт ұжымы үшін жемісті болыпты. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артқан. Әріптестік аясы кеңейіп, 680 млн. теңгеге келісім жасалыпты. Тапсырыстың негізгі бөлігі – ал бұл 340 млн. теңге – “Волков Геология” АҚ-ның үлесінде. “Волков – Геологиямен ” жергілікті зауыттың әріптестік орнатқанына екі жыл. Ендігі кезекте уақыт тезінен өткен іскерлік қарым-қатынас жаңа сатыға көтерілмек. Әріптес кәсіпорындар басшылығы кен қазу жабдықтары өндірісін дамытудың 2014 жылға дейінгі бағдарламасын бірлесе әзірлеген.

  Сергей Федосеев, “Көпсалалы жабдықтар зауыты” ЖШС директоры:
Волков-Геология» кәсіпорны құрамына кіретін “Қазатомпром” ұлттық компаниясының бағдарламасы бойынша жыл сайын уран өндірісінің көлемі артпақ. Өткен жылы бұл көрсеткіш – 14 мың болса, 2015 жылға қарай уран өндірісі 25 мың тоннаға жеткізілмек. Ал бұл жұмыстың барлығы қондырғысыз болмайды. Яғни, біздің өнімге деген сұраныс болатыны сөзсіз.

Екі дайын өнім келесі аптада Оңтүстік Қазақстан облысына жөнелтілмек. Бұл жерде айына кемінде екі бұрғылау қондырғысы әзірленеді. Қажетті материал Ресейден жеткізіледі екен. Өйткені Қазақстанда бұндай қызмет көрсететін кәсіпорын жоқтың қасы. Ал бұл өз кезегінде тапсырысты орындау уақытына кері әсерін тигізбей қоймайды дейді серіктестік директоры. Зауытта бүгінгі күні 150 адам тынымсыз еңбек етеді. Орташа жалақы – 66 мың теңге. Жас мамандарды даярлауға да кәсіпорын басшылығы үлкен көңіл бөледі .

  Николай Могильный,  жұмысшы:
Бұл зауытта еңбек етіп жүргеніме екі жыл болды. Жұмыс көңілімнен шығады. Мамандығымның қыр-сырын осы жерде меңгердім. Тапсырыстар бар. Тиісінше біз де жұмыссыз отырмаймыз.

Зауыт басшылығы 2011 жылы өндіріс көлемін 30 пайызға арттыруды жоспарлап отыр. Іскерлік қарым-қатынас жолға қойылған жылдары әріптестер тарапынан кәсіпорын өнімінің сапасына мін тағылмағаны бұған зор мүмкіндік береді. Ал жақында бұл жерде жаңа өнім сынақтан өткізілмек. Қыркүйек айының соңында швециялық бұрғылау қондырғысы үшін қосалқы бөлшектер құрастырыла бастайды. Көпсалалы жабдықтар зауыты Ресей нарығына шығуды көздеп отыр. Қазірде көрші ел кәсіпорындарымен 160 млн. теңгенің келісімі жасалып қойыпты. Зауыттағылар бұл әріптестік жемісті болып, өндіріс көлемін арттыруға тың серпін беретініне сенімді.
 

 

Айымгүл Әбілева