Әр түрлі

Өңірге тағы бір банк келді

 

 

“Delta Bank ” АҚ ұтымды жобаларымен, сапалы кеңесімен, жылдам әрі тиімді қызметімен ерекшеленіп, еліміздің қаржы нарығына мықтап бекіген алдыңғы қатарлы банктің бірі. 1993 жылы жұмысын бастаған “Нефтебанк” бүгінде жаңа атаумен іргесін кеңейтуде. Қаржы институты бүгін Петропавлда 11-ші филиалын ашты.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Қазіргі уақытта мемлекетіміздің әлуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты және қарқынды дамуда.
Бұған банк жүйесінің қосқан үлесі де аз емес. Сол банктердің ішінде Қазақстандағы коммерциялық банктердің бірі “Delta Bank “.  Біздің облысымызда бүгінгі күнге дейін бұл банктің филиалы жоқ еді. Сол себептен бүгін облыс орталығында жаңа банк филиалының тұсауын кескелі отырмыз.

Осылайша, облысымыздағы екінші деңгейлі банк филиалдарының саны 16-ға жетті. Жаңа банктің таспасы кесілген соң өңір басшысы Серік Біләлов пен қонақтар нысаннының ішін аралап, жұмысымен танысты. 2010 жылдың наурызынан банк тұтынушылар қатарын арттыру мақсатында аумақтық стратегиялық бағдарламаны қолға алған. Бұл жоба клиенттерге банк қызметінің бар мүмкіндіктерін ұсынып, барынша қолдау көрсетуге бағытталған. “Delta Bank” АҚ активі бүгінге дейін 35 млрд. теңгеге жеткен. ТМД және алыс шетелдер банктерімен өзара тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатылыпты.

  Инесса Ким, “Delta Bank” АҚ басқармасы бастығының орынбасары:
Біздің банк түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, олардың жүзеге асуына өз үлесін қосып келеді. Әсіресе кіші және орта бизнесті барынша қолдауға тырысамыз. Біз “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорымен, ауылшаруашылығы және қаржы министрліктерімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Корпоративті клиенттер, кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға тиімді несие алудың бірнеше бағдарламасын ұсынамыз.

Депозиттік өнімдер де заңды және жеке тұлғаларға тиімді кеңістіктер ашып отыр. Петропавл қалалық филиалының алғашқы салымшысы – Ермек Құсайынов. Жерлісіміз “Delta-Байлык” депозитін тиімді деп тауып, банкке қаражатын сеніп тапсырды. Кәсіпкерді келісімнің мазмұны ғана емес, көрсетілетін қызметтің сапасы да қызықтырған.

  Ермек Құсайынов, “Delta Bank ” АҚ Петропавл қалалық филиалының алғашқы салымшысы:
Банктің ұнағаны өте тез консультация берді, 15 минуттың ішінде. Сосын шарттары өте жақсы. 10 мың теңгенің жарнасын төлеуге болады. Ай сайын проценттік ставкасын алуға болады. 1 айдың ішінде ақшаңды қайтарып алуға болады.

Солтүстікқазақстандық салымшылар бүгінде облыс банктеріне 29,5 млрд. теңгені сеніп тапсырған екен. Соңғы 7 айдың өзінде шағын бизнестің дамуына 7,7 млрд. теңгенің несиесі берілген. “Delta Bank” АҚ  ұжымы өздеріне жүктелген халық сенімін ақтайтындарына сенімді.

Жеңіс Ермұқанов