Жол картасы

Ауыз су 2 елді мекенге «Жол картасы» бойынша жетеді

 

 

 

 

 “Тепловское лесничество” кентінің тұрғындары 20 жылдай суды көршілес елді мекендерден тасып, күн көріп келді. Ол жаққа қатынауға шамалары келмейтіндер жауын мен қар суын пайдаланатын.

  Галина Якова, “Тепловское лесничество” кентінің тұрғыны:
– Көрші кенттердегі колонкалар да істен шығып, суды 5 жыл бойы облыс орталығынан тасыдық. “Дорожник” серіктестігі 3 елді мекенге 3 текше метр су әкеледі. Әр үйге екі флягадан ғана келеді.
Ал ол бізге жетпейді.

Биыл “Тепловское лесничество” мен “ОМТС” кенті де таза ауыз сумен қамтылмақ. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 71 млн. теңге бөлінді. Елді мекендерге ұзындығы төрт жарым метрлік су құбырлары тартылып, 8 колонка орнатылады.

  Мұхит Нұрсейітов, Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

-Бұл жұмыс қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Бұған дейін суды қала бюджеті есебінен “Дорожник” серіктестігі тасыды. Мұнда 28 отбасы тұрады. Енді олар түгел таза сумен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік бағдарламаның арқасында 100-ден астам адамға жұмыс табылды. 4 300 метрге диаметрі 130 миллиметрлік құбырлар төселді. Жұмыстың тоқсан пайызы орындалды, дейді мердігерлер.

  Борис Королев,  “Рүстем” ЖШС ӨТБ бастығы:
 – Жұмыс темір жолдың қорғау аумағында жүргендіктен, бірқатар қиындықтар болды. Дегенмен теміржолшылармен келісіп, барлық олқылықтарды жойдық. Осы маңдағы “Разъезд 2632” кентінде де су жоқ. Бірақ әлі күнге дейін бұл елді мекен бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленбеген. Қаржы бөлінбеген.

Ал “Тепловское лесничество” мен “ОМТС” кенттері қазан айынан бастап таза ауыз сумен қамтылады. Тұрғындар оң өзгерістерді асыға күтуде.

 

 Жасын Біркенов