Әр түрлі

Қарақұмық тапшылығы неден?

 

 

 

 
Көршілес Ресейдегі қуаңшылықтан қарақұмықтың аз жиналуы базар бағасын шайқалтты. Ол жақтағы бағаның өсуі Петропавлдағы саудаға да әсерін тигізді. Себебі облысқа қарақұмықтың негізгі бөлігі осы елден жеткізіледі. Соңғы айда сауда сөрелерінде қарақұмық азая бастаған. Бүгінде келілеп сатылатын жарманы кез-келген дүкеннен ала алмайсың. Кей базарларда Алтай өңірінен жеткізілген орамадағы түрі ғана бар.

Елена Ткаченко,  сатушы:

-Қарақұмық түспегелі бір айдай болды. Фирмада жоқ дейді. Ал бар жарманы алдымен шағын кәсіпкерлер, кейін тұрғындар алып кетті. Соңғы күндері қарақұмықты 150 теңгеден саттық.

Облыста өткен жылғы қарақұмық қоры таусылған. Ресейде жоқ жарманы енді еліміздің өзге облыстарынан жеткізу керек. Жергілікті атқарушы билік облыстағы қарақұмық тапшылығын жою үшін өзге өңірлермен келіссөзге кіріскен.

Болат Жанатаев,  Петропавл қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы:

-Базар кәсіпкерлері осындай уақытты пайдаланып, қоймадағы қалдықтың бағасын күрт көтеріп отыр. Біз бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әрі кетсе екі аптада облысқа қарақұмық жеткізіледі.

Облыста  2000 гектар жерге қарақұмық себілген. Бірақ бұл өте аз. Сондықтан әзірге өзге өңірлерден  жеткізілетін керуенді күтеміз.

Әсем Сембина