Денсаулық сақтау

Полиомиелитке қарсы иммунизациялау апталығы

 

 

 

Бүгінгі таңда облыста 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге полиомиелит ауруына қарсы қорғаныш дәрмектері егілуде. Әсіресе вирусты осы жасқа дейін жұқтырған бөбектердің мүгедек болып қалуы ғажап емес. Көршілес елдерде биылдың өзінде осы ауруға шалдыққан 20-ға тарта балдырған көз жұмған. 1976 жылдан бері өңірімізде  бұл ауруды жұқтырғандардың тіркелмеуі иммунизациялаудың нәтижесі дейді санитар мамандар. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын тапқан дұрыс. Осыған орай өңір дәрігерлері бір реттік республикалық жаппай иммунизациялау апталығын бастады.

Ботакөз Әбдірова,  ҚР Денсаулық министрлігінің СЭҚК аға сарапшысы:
-Облыс бірінші рет өткізіп жатқан жоқ бұндай иммундау жұмыстарын. Сондықтан дайындығы жақсы. Егу кабинеттері санитарлық нормаларға сәйкес. Тоңазытқыштары,  термосумкалары, хладоэлементтері толық дайындалған. Бүгінгі күні вакцина толық жеткізілді.

Шетелден жеткізілген барлық 55 мың дана вакцина тексерістен өткізілген. Ауа арқылы жұғатын вирус кез-келген  бала үшін қауіпті.  Дерттің алдын алып қорғану үшін екпе жұмыстарынан шет қалмау керек. Вакцинациялаудың арқасында жұқпалы инфекцияның ағзада өршуіне жол берілмейді. Десе де  діни көзқарастағы кейбір ата-аналар   дәрі алудан бас тартады екен.

  Қасымхан Абдоллаұлы,  “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:
-Ислам әрқашан да қолдайды. Ислам ғылым, білім діні. Егер де медицина ғылымы осындай нәрсе қажет деп жатса, оны орындау керек. Өйткені ол көптеген аурудың алдын алу.

Жанна Сәбиева алғашқылардың бірі болып немересі Даринаны ауруханаға ертіп келген.

Жанна Сәбиева:

Ресеймен біз жақын тұрамыз. Осы инфекция жүріп жатыр о жақта. Немеремді осыдан  қауіпсіздікте ұстау үшін осында егуге әкеліп отырмын. Қалған ата-аналарды да шақырамын.

Жанна апаймен келісетіндердің қатары қалың.

 Ата-аналар:
-Мен ойлаймын профилактика ретінде керек зат. Полиомиелит –   ең қауіпті ауру болып тұр біздің болашақ үшін.
 -Бірінші байлық –  денсаулық дейді, мына баламның денсаулығын сақтап, түрлі аурулар жұқтырмас үшін вакцина қажет. Осындай тегін мүмкіндік беріп жатқандарына көп рақмет.

Иммундау науқанын өткізу үшін облыста 527 егу пункті ашылды. Апта бойы 105 жылжымалы топ жұмыс істейтін болады. Осылайша шарада өңірімізде  6 жасқа дейінгі балғындардың 95 пайызы қамтылмақ.

 Жеңіс Ермұқанов