Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімі Тайынша ауданында орақ барысымен танысты

 

 

 

Танаптарда жұмыс қызу жүріп жатыр. Шаруалардың айтуларынша,  науқан  қыркүйектің 10-15 аяқталады, қазір астық тікелей орылып жатыр. Степноишим тәжірибелік станциясында дәнді дақылдарды қыркүйектің 8-9-на  дейін толық жинап алу көзделген. Қазір майлы дақылдар  да жығылып жатыр. Рапстың 80 пайызы құлатылған, ендігі кезекте зығырды жинау керек. Қысқы мал азығын дайындау да жалғасуда.  Бұдан кейін облыс әкімі көкөніс  шаруашылығымен айналысатын  “Астық-STEM” серістестігінің алқаптарына ат басын бұрды. Мұнда өңір басшысының назарына картоп жинайтын комбайндар, көкөніс егу агрегаттары ұсынылды. Өнімділігі жоғары  комбайн күніне 150 тонна картоп жинай алады дейді серіктестік жетекшісі Сергей Звольский. Айта кету керек, биыл “Астық-STEM” көкөніс өсіруде алғаш рет тамшылап суару технологиясын қолданды. Израилдық жүйенің негізінде су арнайы қазылған қоймадан насостар арқылы топыраққа жетеді.

  Сергей Звольский,  “Астық – STEM” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
 – Біз 20 гектарға
көкөніс ектік. 15 га сәбізге бөлінді. 0,7 -не пияз, 0,3 -не қызылша және 4 гектарына картоп отырғыздық. Енді 100 гектарға дейін егіс алқабын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Жүйе жаңа болғандықтан, кемшіліктер де кездеседі.

Биыл мұнда гектар басынан 50 тонна сәбіз жинау жоспарланған. Облыс әкімінің назарына қожалықта өсірілетін дәруменді өнім түрлері ұсынылды. Бұлардың барлығы  жоғары сұранысқа ие. Бүгінде көкөніс Ақмола облысына жөнелтіліп жатыр. Серік Біләлов қожалықтың қоймасын да аралады. Мұнда сыйымдылығы 1 200 және 600 тонна   2 секция бар. Жалпы  қоймаға 2 мың тоннаға дейін витаминді өнім сыяды. Қазірде көкөністерді сақтауда еш қиындық жоқ, дейді серіктестік басшысы.

  Сергей Звольский,  “Астық – STEM” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
  – Қойманың биіктігі 4 метрді құрайды. Бірақ біз 5 жарым метрге дейін сыйғыза аламыз. Бастысы, мұнда бүлінбеген жақсы өнім түсіп отырса болғаны. Былтыр картоптың тек 7,4 пайызы ғана бөлінді.

Облыс әкімі қожалыққа қарасты астық сақтау орнында да болды. Қазір мұнда рапс, арпа, бидай жеткізілуде. Сондай-ақ, Серік Біләлов ауыл тұрғындарымен де кездесті. Өңір басшысы мал азығын дайындау жұмыстарының жағдайын сұрастырды. Ауылдықтар қысқа қызу дайындалып жатырмыз, қиындықтарға тап болмаймыз  деп сендірді. Жақында Қарағаш ауылындағы  үйлер орталық су тарату жүйесіне қосылды. Бүгінгі күні 220 баспананың 116 -сына су орталықтан жеткізіледі. Жыл соңына дейін таза ауыз сумен 20 үй қамтамасыз етілмек.
 

Жасын Біркенов