Білім

«Мектепке жол» жалғаса береді

 

 

 

 

 

Биыл 6 сыныпқа көшкен Зарина Исатаева – үлгілі оқушылардың бірі. Заринаның   алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған – дәптер, қалам, сызғыш, оқулықтар бәрі дайын. Қазір Зарина мектепті ойдағыдай тәмамдап, алдына қойған мақсатына тезірек жетуді армандайды.

  Зарина Исатаева,  6 сынып оқушысы:
-Осындай құралдар беріп жатқанына қуаныштымыз. Мен енді бұларды ұқыптап ұстап, сабағымды жақсы оқимын. Болашақта дәрігер боламын.

Бұл білім ошағы «Мектепке жол» акциясынан ешқашан сырт қалмаған. Былтыр аз қамтылған, көпбалалы отбасы мүшелері мен жалғызбасты аналарға жәрдемдесу үшін 960 мың теңге бөлініп, балаларға киім-кешек алынған болатын. Биыл қалалық қазынадан бөлінген 115 мың теңгеге  оқу құралдары сатып алынды.

  Клара Балабекова,  қалалық классикалық гимназияның әлеуметтік ұстазы:
-Былтырғыға қарағанда биылғы жалпы оқу қоры біршама жоғары болды. 1 млн астам сома бөлініп отыр. Былтыр 36 205 теңгеге құралдар сатып әперсе , биыл 115 мыңға алдық. Күзде балалармен Астана қаласына саяхатқа шығуды жоспарлап отырмыз.

Игі тілекпен табысталған жаңа оқу құралдарына балалар риза болды. Балаларының қуанышына ортақтасуға ата-аналары да келіпті.

  Қамаш Дәулеева:

-5 «а» сыныбында қызым оқиды. Бүгін көмек беріліп жатыр, Нұрсұлтан Назарбаевқа, Серік Біләловке рақмет айтқым келеді. Мемлекетіміз үлкейіп гүлдене берсін.


  Үмітжан Иманғұлова:
-Мен бүгінгі күні гимназия табалдырығын алғаш аттаған баланың анасымын, отбасын қолдау мақсатында өткізілген шараға көп рақмет. Мектепке көп рақмет.

Бұл игі іс жыл бойы жалғасын таппақ. Биыл мектепте 53 бала тегін тамақтанатын болады, ал 15 оқушыға жетпеген оқулықтарды сатып әперу көзделген.

 

Кәусар Аяпбергенқызы