Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бірлескен кәсіпорын астық комбайндарын шығара бастады



 

 
Комбайндар шығаратын “КазБелагропроммаш” кәсіпорны – Қазақстан мен Белорусь елдерінің бірлескен жобасы. Зауыт цехтарынан жоспар бойынша алғашқы жылдары 150 комбайн шығады. Әр техниканың құны шамамен 17 млн. теңгені құрамақ. Бұл – Ресейде шығарылатын комбайнның бағасынан 5 млн-ға арзан.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Бүгін Тайынша қаласында болып жатқан шараға бәріміз куә болып отырмыз. Комбайндар шығаруға қазірде барлық жағдай жасалған. Атаулы күнмен баршаңызды құттықтаймын.

Тың кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын ашып, салық салу базасының ұлғаюын қамтамасыз етеді, деп атап өтті облыс әкімі. Астық жинайтын машиналар “Қызылжар -1300” деп аталады. Бұл атауды өңірімізге сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойып кеткен. Ендігі кезекте облысымызда жинақталатын ауыл шаруашылығы техникасы солтүстікқазақстандық брендке айналуы тиіс.

  Андрей Захарчук,  “Лида Агромаш” зауыты бас директорының орынбасары, Белорусь Республикасы:

– Бұл комбайндардың 85 пайызы Белорусьта құрастырылады. Олар басқалардан үшбарабанды жүйемен ерекшеленеді. Астық тұтас әрі таза болып шығады. Оны қайта өңдеудің қажеті болмайды.

Алғашқы комбайнды облыс әкімі Серік Біләлов пен зауыттың слесарь-жинақтаушысы Олег Корнейчук іске қосты. Бұдан соң өңір басшысы құрастыру цехында болды. Кәсіпорын бұрынғы жөндеу зауытының базасында орын тепкен. Күніне мұнда 3 комбайнды құрастыру  жоспарланған. Бұл техникалардың түп нұсқасы  – әлемдік нарықта арзан әрі сапалы машина саналатын “Кейс” неміс комбайндары. Осы күнге дейін зауыт жұмысшылары 10 комбайнды жасап шығарған. Алтауы  бірер күндерде танап басына жол тартады . Сатып алушылардың бірі – М.Жұмабаев ауданының “Надежда-Север” серіктестігі. Агроқұрылым мұндай кешеннің бесеуін сатып алыпты.

Дәуренбек Қабдөшев,  “Надежда-Север” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:
-Қазіргі уақытта ормандардың арасында астықты алқаптарды орып жүрміз. Бұл комбайндардың жаткалары алты метр. Сондықтан онымен жұмыс істеу әлдеқайда ыңғайлы.

Алдағы уақытта жобаның толықтай жүзеге асуына “ҚазАгроФинанс” АҚ жұмылдыру көзделген. Бұл шығарылатын өнімнің түрлерін көбейтуді қамтамасыз етеді. Сапар соңында облыс әкімі Серік Біләлов Тайынша қаласындағы демалыс аумағын,  қарттар мен мүгедектерге арналған интернат- үйін аралады.
 

 

Жасын Біркенов