Ауыл шаруашылығы

Бәйтеректегі жылыжайлар өнім бере бастады

 

 

 

 
Шілденің соңында жылыжайға отырғызылған көкөніс  45 күннің ішінде пісті. Осы бір жарым айдың ішінде жылыжай иесі қияр мен оны күтіп-баптау туралы біраз тәжірибе жинады. Мол өнімге қол жеткізудің әдіс-тәсілдерін үйренді. Бүгінде еңбегінің жемісі көзге көрінді. Жылыжайда күні-түні еңбек еткен Марина бүгін қиярын далаға үйіп тастапты. Бұл алғашқы өнім. Араға бірер күн салып, қиярдың келесі легі де үзуге дайын болады.

Марина Қазбекова:

-Бірінші күні қияр жинап жатырмыз. Өте ризамын. Соны сатып, күнімізді көреміз деп ойлаймын.

Алғашқы өнім Бәйтерекке қоныстанған тұрғындарға қияр өсірудің қыр-сырын үйретіп жүрген Әбдіәзім Қамаловтың да көңілінен шықты. Шымкенттен келген маман үш күн сайын өнім жинап, жылыжайдан межедегі төрт тоннаны алуға  болатынына сенімді.

Әбдіәзім Қамалов,  агроном:

-Әлі жұмыстарымыз бар, әрбіреуіне жеке күтім керек. Жылуды ұстау керек, тыңайтқыш береміз. Қыркүйекте алсақ, келесі айдың 10-ы – 15- не дейін өнім жинаймыз.

Қияр сатудың жолдары да қарастырылған. Тауар “Нұрлы көш”бағдарламасы бойынша жылыжайлар жобасын жүзеге асырушы “Тобыл” әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе жұмыс істеп жатқан “Наурыз 2030” серіктестігінің сауда орындарына шығарылады.

  Еңбек Исин, “Тобыл” ӘҚК ҰК” жобасының менеджері:

-Бұл кәсіпорынның 20-дан аса сауда орындары бар. Сондықтан тауарды өткізуде қиындық болмайды. Баға күн сайын өзгеріп тұр. Бүгінде жылыжай иесі тауарын 80 теңгеден өткізе алады.

Бәйтерек  ауылы тұрғындарының өнімін халыққа жеткізушілер ауылға келіп, тауарды өз көздерімен көрді. Қиярлардың сапасы да, дәмі де жақсы. Сондықтан жобаны жүзеге асырушылар қияр түгел сатылатындығына, Марина сияқты атамекенге оралған бауырлардың  еңбектері ақталатынына сенімді.

 Әсем Сембина