Қысқа әзірлік

ТКШ

17:30 4 Қыркүйек 2010

 

Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын облыстық штаб ұдайы қадағалап отырады. Айына екі рет отырыстар өткізіліп, басқармалар мен департаменттер басшыларының есебі тыңдалады. Қазір денсаулық сақтау нысандары қысқа 98,9 пайыз, ал білім беру мекемелері толық дайын. Биыл өңіріміз әдеттегідей республика бойынша алғашқылардың қатарында бюджеттік мекемелерді отынмен толық қамтамасыз етті.

 Антон Федяев,  СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
 – Бюджеттік мекемелер қысқа 157 мың тонна отынды қажет етеді. Қазір бұл мәселе толық шешілді. Тамыздың бірінде көмір жеткізу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, ағаш және сұйық отын да сатып алынды.

Петропавл 2-ші жылу энергоорталығына көмір кестеге сай жеткізіледі. Қазіргі таңда 625 орталық қазандық,   609  автономиялық және жергілікті қазандықтар дайын. Бұл барлық нысандардың 97 пайызы. Сумен қамтамасыз ету желілерінде күрделі және кезекті жөндеу жұмыстары 75 процентке орындалды. Электр желілерін қалпына келтіру  шаралары  78 пайыз орындалды.  Ал тұрғын үй секторларында осы орайда бірқатар қиындықтар туындап қалуы мүмкін. Пәтер иелері кооперативтері жоқ көпқабатты үйлер қысқа толық дайын емес. Жуып-шаю жұмыстары баспаналардың тек 74,5 пайызы, яғни 794 -інде ғана аяқталды. Облыс орталағындағы 1 035 үйдің тек 922 -інде ғана кооператив төрағасы бар. Өзге үйлердің тұрғындары баспана мәселесімен айналысудан бас тартуда. Қалалық әкімдікте жасақталған бес жұмыс тобы осындай тұрғындармен кездесулер, жиын, түсіндіру шараларын ұйымдастырады. Қалай болғанда да, тұтынушы ретінде есепте тұрған ғимараттар қысқа міндетті түрде дайындалуы  тиіс. Айта кету керек, апаттық және техникалық, сондай-ақ жуып-шаю қызметтерін “СҚ энерго орталығы” да көрсететін болады.

 Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
 – Бір шаршы метрге  2 -ден 2,5 теңгеге дейін  жылыту жүйесін жуып-шайған үшін, немесе қандай да бір жөндеу жұмыстары  үшін алынады. Яғни бұл сома әр пәтер иесіне келетін жеке есепшотта көрсетіліп, жалпы сомаға қосылады.

Яғни СҚ энерго орталығы кооперативі жоқ баспаналарды өз қарамағына алып отыр. Көрсетілген қызметтің ақысы пайдаланылған жылумен бірге өтеледі. Тек мұндай келісім жасау үшін тұрғындар жиналысының хаттамасы қажет. Сонда   пәтер иелері кооперативі жоқ үйлер қысқа дайындығы  туралы төлқұжатты алуға үлгереді.
 

Жасын Біркенов

Бұдан әрі оқыңыз

Қалада суағарлар тазартылып жатыр