Құқық қорғау органдары

Телефон ұрлағандардан аулақ болу керек

 

 

 Статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  бөтеннің мүлкіне қол салуға қатысты қылмыстардың тең жартысы ұялы телефондарды ұрлау немесе осы байланыс құралына қатысты жасалатын алаяқтық фактілері. Өзгенің мүлкіне қол сұғушылар көбіне адамдардың абыржығанын, алаңғасарлығы мен сенгіштігін пайдаланады. Сондықтан айлакерлердің торына көбіне зейнеткерлер, жасөспірімдер мен балалар түсіп жатады.

  Әмір Қасеинов, СҚО ІІД КПБ бастығы:

-Алаяқтар телефон соғып, баласы, інісі немесе туысы қайғылы оқиғаға ұшырағанын айтады. Оған көмек керектігін түсіндіріп, ұялы байланыс карточкалары арқылы ақша түсіруді сұрайды да, телефон арқылы карточкалардың номерлерін жазып алады.

  Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұндай лақап көмекшілердің қулығына алданбау үшін телефон соққан адамға жеке басына байланысты сұрақтар қою қажет. Бұл  қылмыскерді арам пиғылынан бас тартуға мәжбүр етеді.  Сонымен қатар полицейлер заңсыз жолмен келген заттарды сатып алатын адамдардың да жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін ескертеді.

  Данияр Қасымов,  СҚО ІІД КПБ бөлім бастығы:

-ҚР ҚК 183- бабына сәйкес қылмыстық жолмен табылған мүлікті сату немесе сатып алуға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Яғни кез келген азамат құжаты жоқ ұялы телефон сатып алғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Тәртіп сақшылары сондықтан абай болуды ескертеді.

 Жеңіс Ермұқанов