ТЖ

Өрт қауіпсіздігіне арналған шара

 

 

 

 Қаңқасы ғана қалған  үйде осыдан екі ай бұрын 5 адам тілсіз жаудың құрбаны болды. Басты себеп әдеттегідей өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы. Ішімдікке салынған үй иесі маскүнем жолдастарымен бірге есік алдында от жағып, кейін ащы судың әсерінен ұйқыға кеткен. Қызыл жалын дүлей желмен үйге көшіп, қас-қағым сәтте баспананы күлге  айналдырды.

 Айдын Ысмағұлов, Петропавл қалалық ТЖБ аға анықтаушысы:
 – Өрт шығудың негізгі себептері отқа абайсыз болу, пеш құрастырғанда, электр құралдарын  пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылады.

Дәл осы қарапайым ережелерді Копайдағы 681-ші үйдің иесі де сақтамай отыр. Көрші үйдегі 5 адамның өліміне әкеліп соққан қайғылы оқиға оған сабақ болмаған секілді. «Сақтансаң – сақтармын» деген қағиданың мәнін мүлдем түсінбейтін баспана иесіне осыдан бір ай бұрын ескерту жасалған. Алайда ол  елеусіз қалыпты. Пештің мұржасы ағаш шатырдан оқшауланбаған. Екеуінің арасы талапқа сай 38 см емес, тақалып салынған. Пештің өзі де дұрыс қаланбапты.  Электр желілеріне қатысты қауіпсіздік ережелері де елеусіз қалған. Сымдардың қосылған жерлері оқшауланбаған. Осылайша өзінің және айналасындағылардың қауіпсіздігіне немқұрайлық танытатындар әсіресе жеке секторда көптеп кездеседі дейді құтқарушылар.  

 Айдын Ысмағұлов, Петропавл қалалық ТЖБ аға анықтаушысы:
 – Бұндай өрттердің алдын алу үшін ІІД қызметкерлерімен бірлесе отырып, тұрғын үй секторларында  түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Үнпарақтар таратамыз. Түрлі-түрлі қауіпсіздік ережелерін сақтау шараларын жүргіземіз.

Жалпы жыл басынан облыс орталығында 11 млн. теңгенің шығынын келтірген 192 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 163-і жер үйлерде шыққан. Қаза тапқан 14 адамның 11-і мас күйінде болған. 15 адам түрлі дене жарақаттарын алса, 55 адам оттан    аман алып қалынды.  

Жеңіс Ермұқанов