Құқық қорғау органдары

Облыс орталығында заңсыз рәсімделген жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері анықталуда

 

 

 

 

Островский көшесі,114 мекен-жайындағы ғимараттың бірінші қабатында орналасқан 284 шаршы метрді құрайтын аумақ 2007 жылы жеке меншікке өтіп кеткен. Жаппай мүлікті рәсімдеу шарасын пайдаланған Петропавл тұрғыны жылжымайтын мүлікті заңсыз иеленген. Прокуратура жүргізген тексеріс барысында бұл аумақтың Оңтүстік Орал темір жолы қалалық бөлімінің еншісінде екені белгілі болды. Қазір қаржы полицейлері азаматшаның жылжымайтын мүлікке қалайша иелік еткенін анықтап жатыр.

  Шолпан Әбдірахманова, Петропавл қалалық прокуратурасының  бөлім бастығы:
  – Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот легализациялау бойынша комиссия шешімінің күшін жойды. Ал нысан мемлекетке қайтарылды.

Бұл бірінші шешім ғана, алда тағы бірнеше сот отырысы өтеді. Егер қала тұрғынының заңсыз әрекеті дәлелденетін болса, алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалады. Соңғы кезде облыс орталығында мұндай фактілер жиі анықталуда. Үстіміздегі жылы Шухов жатақханасының комендантына үкім шығарылды. Ол бұл мекен-жайда тұрмайтын азаматшаға анықтама берген. Ал ол пәтердің иесі мүлде басқа адам болып шыққан. Осылайша қазірдің өзінде жаппай ел көлемінде өткен шара барысында көптеген жер үлестері мен мүлік заңсыз рәсімделгені анықталып отыр.

  Шолпан Әбдірахманова,  Петропавл қалалық прокуратурасының  бөлім бастығы:
 – Енді бүгін мұндай фактілердің беті ашылып жатыр. Санақ мәліметтеріне сүйенетін болсақ, әдетте сотқа келіп түскен шағымдардың 80 пайызы қанағаттандырылып, легализациялау бойынша комиссия шешімінің күші жойылады.

Облыс орталығында жаппай рәсімдеу кезінде 50 мыңнан аса жер учаскесі мен түрлі мүлік жаңа иесін тапқан болатын. Қазір қалалық прокуратура аталған нысандардың қаншалықты заңды рәсімделгенін анықтауда.

 Жасын Біркенов