Өнеркәсіп

Өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

 

 

 

 

Осыдан бір апта бұрын “Қазақстанның үздік тауары” көрме- байқауына облыстағы 37 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін шығарған болатын. Көрмеге ірі зауыттар да, шағын кәсіпорындар да тартылды. Бүгін үздіктерді облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Облыстың әлеуметтік дамуына қосып жатқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздерге кәсіпкерлік қызметте табыс тілеймін.

Облыс әкімі тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерге осындай байқауларда сапалы өнім шығарушылар анықталатынын, яғни бәсекеге қабілеттілік артатынын айтты. “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар” номинациясында бірінші дәрежелі дипломмен ұңғыма насостар шығаратын “Мұнаймаш ” АҚ мен болат құбырлар өндірісін игерген Петропавл құрылыс материалдары зауыты ұжымы марапатталды.

Сергей Григоренко,  “Мұнаймаш” АҚ бас директоры:  

– Соңғы екі жылда біздің ұжым жұмыс көлемін 5,5 есеге арттырды. 2008 жылы 400 миллион теңгенің өнімін шығарсақ, биыл 2,5 миллиардқа жеткіздік. Түсімнің көбеюі жұмысшылардың әлеуметтік пакеттерін жақсартуға толық мүмкіндік береді.

Арнайы киім тігуші қазақ саңыраулар қоғамының кәсіпорны “Халыққа арналған үздік тауар ұсынушы ” аталымында жеңіске жетті. Облыстағы ірі және орта кәсіпкерлік нысандары арасынан “Үздік азық-түлік тауарын” “Молочный союз” ЖШС өндіретін болып танылды. Ал шағын кәсіпкерлік нысандарынан қымыз шығаратын “Арқалық” шаруа қожалығы топ жарды.

  Нағашыбай Барлыбаев, “Арқалық” ШҚ бастығы:

-Қазақтың қымызын бағалап, бізді бағалап баға бере ме деп , сол үшін “Алтын сапаға ” қатысайын деп жатырмыз.

Облыс әкімі жеңімпаздарға тауар көлемімен қатар сапасын, түрлерін көбейту керек екендігін айтты. Өзге облыстарда да өндіріс қарқынды дамуда. Сондықтан солтүстікқазақстандық өнім бәсекеге қабілетті болуы керек. Облыс әкімі тауар өндірушілерге “Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауының республикалық кезеңінде жеңімпаздар қатарынан көрініп, Президенттің “Алтын сапа” жүлдесін иеленуге тырысу керектігін айтты.

Әсем Сембина